Қазақстан қорықтары орман өртін анықтайтын ақылды жүйелерді қолдана бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан қорықтары орман өртін анықтайтын ақылды жүйелерді қолдана бастады

25.05.2023

Қазақстан қорықтары орман өртін анықтайтын ақылды жүйелерді қолдана бастады. Жасанды интеллект орманшыларды тілсіз жаудың басталғанынан хабардар етеді. Ұлттық паркте заманауи технология енгізілгелі бері өрт саны төрт есеге азайған. 

Мына жайқалған жасыл желектің отқа орануы үшін темекінің бір тұқылы жеткілікті. Сондықтан орман сақшылары күндіз-түні бұл аумақтың тыныштығын күзетеді. Қызыл жалынды алдымен байқайтын да, күреске бірінші кіретін де Бурабай авиация бөлімшесінің сарбаздары.

Владимир Павлов, өрт сөндіруші – десант:

Тікұшақ өрт ошағынан 2 шақырым қашықта қонуы мүмкін. Өйткені орманда ағаш қалың өскендіктен ыңғайлы ашық алаңқай табу қиын. Әрине, ұшқыш жанып жатқан жерге жақын маңнан орын таңдауға тырысады. Бірақ көбіне ондай мүмкіндік жоқ. Мысалы таудың басындағы өртті сөндіру үшін баурайына қонып жоғары жаяу көтерілеміз.

Сондықтан өрт сөндірушінің денсаулығы темірдей болуы керек. Ол үшін мамандар жыл сайын тексерістен өтіп, арнайы сынақ тапсырады. Бұл әуеден бақылау кезінде қырағы болуға да көмектеседі.

Серік Селеубайұлы, тілші:

Біз жаңа ғана 1,5 сағаттық әуе барлауынан келдік. Орман қорғау қызметінің өрт сөндіруші десанттары күніне 3 рет өзіне берілген аумақты бір шолып шығады. Өйткені қазір өте қауіпті маусым. Олардың басты міндеті өрт ошақтарын анықтап, негізгі құрам келгенше қызыл жалынның таралуына жол бермеу.

Бурабай бөлімшесі Бурабай, Бұқпа, Ұрымқай қорықтарын бақылайды. Жауапты аумақтың жалпы ауданы – 172 мың гектар. Бөлімше басшысының айтуынша, ерекше қорғалатын аймақтағы табиғи апаттар саны азайып келеді. Оған қорық аумағында орнатылған «Smart National Park Burabay» жүйесі де септігін тигізген.

Асылхан Маратұлы, Жедел бақылау орталығының басшысы:

Жүйе түтінді өзі анықтайды. Келген кадрды диспетчер мұқият қарап, шын мәнінде өрт бар-жоғын растайды. Оның бар әрекеті серверде жазулы. Яғни, маман кезекшілік уақытында келген хабарламаға жауап бермесе немесе жұмысына салғырт қараса көрініп тұрады.

Камералар арқылы браконерлерді де ұстауға болады дейді мамандар. Былтыр қорықшылар үш заң бұзушыны анықтап, хаттама толтырған. Қазір бұл жүйе «Семей орманы» резерватында ішінара енгізілген. «Ертіс орманы» мен «Көкшетау» паркіне қою жоспарда бар.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу