БҚО-дағы республикалық күрежолдың құрылысы тағы бір жылға шегерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-дағы республикалық күрежолдың құрылысы тағы бір жылға шегерілді

23.05.2023

Батыс Қазақстан облысында республикалық «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» күрежолының құрылысы тағы бір жылға шегерілді. Екі участогінде әлі мердігер анықталмады. Тұрғындар тас-талқаны шыққан жолдың тезірек қалпына келтірілгенін қалайды. Әріптесім Ардақ Мұратқызы жолдың жәй-күйімен танысып қайтты.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Бұл - әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі Қарашығанаққа апаратын жол. Осы жол арқылы Ресеймен екі ортада күніне мыңдаған адам қатынайды. Көліктер мына ой-шұңқырға түспес үшін, жоғары жылдамдықпен ұшып өтуге мәжбүр.

Республикалық күрежол қырық жыл бұрын салынған. Содан бері бірде бір рет талапқа сай жөнделмеген. Транзиттік дәліз 100 мың тұрғыны бар 50 ауылды облыс орталығымен байланыстырады.

Талғат Мұхамедияров, тұрғын:

Жол мәселесін айтсақ, шыны керек, ұят тіпті. Батыс Қазақстан - мұнай-газ бәрі өзімізде. Ақша өзімізде. Жол төрт жолақты, автобан болуы керек қой. Ал біздің жол мынау - шұрық-тесік.

Осы жолда ой-шұқырдан «қашқан» көлік бір-бірімен соқтығысып, апатқа ұшырап жатады. Дөңгелегі жарылып, жолда тұрғандарды да жиі кездестірдік.

Манарбек Құспанов, тұрғын:

Доңғалақ шұңқырға соғылып жарылды, міне. Желі шығып кетті. Жолдың жағдайы нашар. Халыққа қиын. Жүруге мүмкіншілік жоқ.

Жоба төрт учаскеге бөлінген. Қазір жалпы ұзындығы 70 шақырым екі жерде жұмыс жүріп жатыр. Былтыр мердігерлер материал жағынан тапшылық көрді. Облысқа қиыршықтас Ақтөбеден, битум Ақтаудан әкелінеді. Биыл материалды Ресейден алуға рұқсат берілді. Бірақ өңірде битум сақтайтын қойма жоқ.

Жанна Кенжина, мердігер:

Қазір битум керек бізге. Келісімшарт жасап жатырмыз Ақтау мұнайгаз зауытымен және Ресеймен. Барлығы 59 мың тонна қиыршықтас керек, ол бар.

Ал қалған екі учаскеде жұмыс тоқтап тұр. Мердігер анықталмаған. Жалпы ұзындығы 144 шақырым болатын жолды қайта жаңғыртуға 77 млрд теңге қаржы қаралған.

Мирлан Нәсіпов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

Екі лот учаскені КПО б.в. компаниясы есебінен іске асыру жоспарлануда. Мердігер анықталған жоқ. Учаскені бергенде компания өзі тендерді ойнатып, мердігерді таңдайды.

Былтыр өңірге келген премьер-министр күрежолдың құрылысын 2024 жылы аяқтауды міндеттеді. Бірақ жобаға түзету енгізіліп, құрылыс 2025 жылға дейін шегерілді.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу