Жетісу облысындағы Лепсі тарихи музейінде мың жылдық тарихы бар жәдігерлер сақталған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысындағы Лепсі тарихи музейінде мың жылдық тарихы бар жәдігерлер сақталған

23.05.2023

Жетісу облысындағы Лепсі тарихи музейінде мың жылдық тарихы бар жәдігерлер сақталған. Екі жыл бұрын ашылған рухани ордаға құнды экспонаттарды тұрғындар өздері жинаған. Себебі бұл өңірдің тарихы сонау тас дәуірінен бастау алады.

Бұл музейдің ашылуына бірден-бір себепкер болған мектеп мұғалімі Мухарам Хайбуллин. Өлкетанушы ұстаз әуелде 1988 жылы мектепішілік шағын музей ашады. Оған ауылдың маңынан табылған түрлі жәдігерлерді жинай бастайды. Мұнда тас дәуірінде қолданған құралдардан бастап, Лепсі ауылы уезді қала болған кездегі жәдігерлер де өте көп.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Мына менің қолымдағы Сақтардың акинак деген қаруы. 2800 жылдық тарихы бар. Бұл жәдігерді жергілікті тұрғындар Лепсі ауылынан 2,5 шақырым жердегі Тайыркөл деген жерден осыдан 3 жыл бұрын тауып алып, осы музейге өткізген екен.

Ал мына балбал тасқа шаруалар жер жыртып жатқанда тап болған. Оны да Мухарам Хайбуллин алдымен үйіне жеткізіп, музей ашылғанда қақ ортасына орнатыпты.

Мухарам Хайбуллин, өлкетанушы:

Біріншіден, біздің табиғатымыз бай. Мемлекетіміз бай. Оған мысал мына балбал тас. Сонау ежелгі түркі заманынан сақталып келген. Бұл шамамен 1300 жыл. Демек сол кезде де бұл жерде адамдар мекен етті. Із қалдырды.

Тұмса табиғатымен де мақтана алатын Ойжайлау төріне туристер де көп келеді. Музей тек осы жердің ғана емес, тұтас қазақ елінің тарихынан сыр шертеді.

Гүлбаршын Мерейева, Лепсі тарихи музейінің меңгерушісі:

Жылына бізде екі мыңнан астам, 2-3 мыңға жуық адам келеді. Оның ішінде оқушыларымыз бар. Шетел азаматтары бар.

Тағлымы мол тарихи музей ауыл азаматтарының күшімен салынды. Туған жеріне бейжай қарай алмайтын тұрғындар көмегімен қорын молайтты. Мұндағы қызметкерлер рухани шаңырақ әлі де тың дүниелермен толығады деген сенімде.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу