Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз тәртіпке қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз тәртіпке қол қойылды

19.05.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапарында, екі ел арасындағы визасыз режимге қол қойды. Енді екі елдің алыс-берісі артып, туризмі жанданады. Мұны сарапшылар да мойындайды. Олар бір айлық визасыз режимге күдікпен қарау орынсыз деп санайды.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Визасыз режим Қытайдан бөлек Иран, Үндістан халқы үшін де рұқсат етілген. Бірақ қаптап кеткен шетелдіктер жоқ деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров. Сондықтан үрке қарау орынсыз деп отыр. Десе де, отандық экономистер көрші елден қанша азамат, қандай мақсатпен келгені туралы мәліметтер ұдайы жарияланып отыруы керек деді.

Оразалы Сәбден, экономист:

Ал қаншалықты осының бәрі үлкен жауапкершілікпен болады. Біздің мынау кеден жүйесі қалай жұмыс істейді, осы күнге дейін олардың қалай жұмыс істегенін білеміз ғой. Сондықтан мен ойлап отырмын, виза болса болсын, үш айдан кейін Парламентте тыңдалу керек. Сөйтіп халыққа айту керек. Халықта күдік аз болу керек мұндайда.

Экономистер, визасыз режимнен кейін екі елдің алыс-берісі бір жылда тағы 20 пайызға артатынын айтады. Сондай-ақ көрші ел азаматтары дайын тұрған батыстың брендтік тауарларын алуға Қазақстанға асығады деп топшылайды. Визасыз режим студенттерге де тиімді болмақ.

Мәлік Ауған, тарих ғылымдарының докторы:

Батыстың белгілі брендтерін осы жерде алуға мүмкіншіліктері болады. Туризмнің дамуына үлкен жол ашады деп ойлаймын. 16-17 мыңдай студент оқиды Қытайда. Олардың ата-аналары барып көргісі келеді Қытайды. Қазақстанға деген құрмет деп айтуға болады. Мамандар Қытайға барғысы келетін қазақстандықтарға сол елдің заңын тәптіштеп түсініп алғаны абзал деп кеңес береді. Қарапайым ғана мысал, 2014 жылы қабылданған заң бойынша онда көшеде түкіруге, сағыз тастауға, қоғамдық көлікте тамақтануға тыйым салынады. Бұл заңға бағынбаған қытайлықтардың әлеуметтік статусы төмендетілсе, туристер де жауапкершіліктен сытылып кете алмайды.

Самат Оралбаев, шығыстанушы:

Әрбір азаматтың істеген бұзақылықтары, қателіктері, қылмыстары мемлекет тарапынан жазылып белгіленіп отырады. Яғни бұл әлеуметтік кредит жинау арқылы әлеуметтік ортадағы статустарын жоғарылатып отырады. Қаншалықты әлеуметтік ұпайы қаншалықты жоғары болады,ондай адамдарға шетелге шығуға, виза алуға банктен ипотека, кредит алуға мүмкіндік көбірек болады секілді мәселелерді Қазақстан азаматтырына ескертуіміз жөн деп ойлаймын.

Зерттеушілер ата жұртына оралуды әлі де ойланып жүрген Қытайдағы қазақ диаспорасы үшін де визасыз режимнің оңтайлы тұсы көп болмақ дейді.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу