Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
Орталық Азия елдері осы кезге дейін өндіріске қажет тауарлардың көбін әсіресе, ауыр машина құрылысы мен химия саласындағы заттарды Ресейден тасып келді. Яғни, экономикалық тәуелділік басым болды. «Алайда санкцияның астында қалып, әлемнен оқшауланған көрші елдің қазір аймақ экономикасындағы рөлі едәуір әлсіреді дейді», - сарапшылар. Бұл тенденция болашақта тіпті күшейе түспек. АҚШ Мемлекеттік хатшысының энергия көздері жөніндегі көмекшісі Джеффри Пятттың сөзіне қарағанда Ресей санкциялық құрсаудан оңай құтылмайтын секілді.
Джеффри Пятт, АҚШ Мемлекеттік хатшысының энергия көздері жөніндегі көмекшісі:
Бюджетінің негізгі бөлігін мұнай мен газдан алатын Ресейдің бұл саладан түсетін пайдасы халықаралық энергия агенттігінің болжауынша, 2030 жылға дейін 50 пайызға азаяды. Біз Еуропа елдерінің энергетикалық тәуелділігі туралы көп айтамыз. Бірақ Ресейдің де Европа нарығына байлағанын ескеру керек. Енді олар бұл нарықтан мүлдем айырылды. Соғыс қалай аяқталса да энергетика саласындағы батыс бизнесі Ресей нарығына қайта оралмайды.
Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
Ресейдің стратегиялық сәтсіздіктері мен экономикалық оқшаулануы Орталық Азиядағы Қытай ықпалын едәуір арттырды. Алпауыт мемлекет аймаққа қомақты инвестиция салып жатыр. Арзан несие дамушы елдер үшін аса қажет. Алайда сарапшылар алмақтың да салмағы барын ескеру керек дейді. Мәселен, қазір Түрікменстан көгілдір отынның 75 пайызын Қытайға экспорттайды. Яғни, кірістің басым бөлігі түсетін саланы тек бір нарыққа бұрып қойған.
Уэсли Хилл, халықаралық сарапшы:
Себебі инфрақұрылымдық жобаларға ақша көп тартылуда. Қарыздың өсуі үлкен проблема болуы мүмкін. Түркіменстан Қытаймен байланысында өзінің экономикалық тәуелсіздігіне жоғалтып жатыр. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Өзбекстан мейлінше нейтралды жолды ұстанады. Олар да Қытай қаржысын пайдасына жарытып жатыр. Бірақ Қытай инвестициясы өздері қалағандай көп емес.
Себастиан Перуз, халықаралық сарапшы:
Импорт пен экспорт арасында баланс болуы тиіс. Қазір Орталық Азия елдерінің экспортының 80-85 пайызы негізінен шикі зат. Ал Қытайдан сатып алатын тауадың 80-90 пайызы керісінше дайын өнімдер.
Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
Еуразиядағы геосаяси жағдай Орталық Азияның әлемдік экономикадағы маңызын арттырды. Сондықтан саясаттанушылардың пікірінше, батыс 5 мемлекеттің дербес экономикалық дамуына барынша қолдау білдіруі тиіс. Аймақ елдері де көп векторлы экономикалық саясат қағидасын әрқашан қаперде ұстағаны абзал. «Ең бастысы жаһандық сын қатерлерге төтеп беру үшін аймақтық ынтымақтастықты тереңдетуі керек», - дейді. Яғни, сыртқы саясатта бірдей ұстаным көрсетіп, өзара бәсекеге түспей, достық байланысты тереңдетуге күш салса экономика да дамиды, сыртқы жау да сұқтанбайды.
Жалғас Сәдібекұлы
