Ұлттық қауіпсіздік қызметі туралы заң өзгереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қауіпсіздік қызметі туралы заң өзгереді

15.05.2023

«Қаңтар» оқиғасы кезінде, заңға қайшы бұйрық беріп, оны орындаған 11 қызметкер тергеуге алынған. Оның бірқатары сотталып кетсе, қалғаны тергеу абақтысында отыр. Бұл жайында бүгін Мәжілісте өткен жиында белгілі болды. Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін, ұлттық қауіпсіздік қызметінің жұмысына қатысты заң қайта қаралды. Құжат бүгін парламенттің төменгі палатасында таныстырылды. Қаңтардағыдай қантөгіс қайталанбауы үшін орта деңгейдегі офицерлер қиын сәтте шешім қабылдауға қауқарлы болуы тиіс. Бұл жаңа құжатта нақты жазылған. Ал заңға немесе мемлекет мүддесіне қайшы бұйрық болса қарапайым қызметкер оны орындамауға құқылы.

Марат Қалқабаев, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:

Жауынгер енді әскери жарғыны білуі керек. Заңды білуі керек. Ертең барып ат десе өз басымен ойлайды ғой. Кімді атып жатыр. Қылмыскер болса қылмыскер. Халық болса ол халық. Шешім қабылдау керек. Мен атпаймын дейді.

Қазір Астанада терроризмге қарсы орталық және өңірлерде комиссия бар. Енді оларға жаңа құзірет, жүктеме берілгелі отыр. Терроризмге қарсы қызмет діни экстремизммен де күреседі.

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі:

Біздің өміріміз көрсетіп отырғандай діни экстремизммен терроризм кей кезде бірге жүретінін. Оған біздің көзіміз жетті. Сондықтан біз терроризм мен қоса діни экстремизмді кіргіздік.

Құжатта қызметкерлерді мәдени-патриоттық тәрбиелеу, тіпті психологиялық жағдайын бақылауда ұстау мәселесі бар. Әр офицер өз қарамағындағы сарбаздың құмар ойынға қызықпауын қадағалауы қажет. Құмардың құлы болғандар көп кешікпей қарызға батады. Уайымға беріледі. Ал, психологиялық қысымда жүрген қарулы сарбаз өзгелер үшін қауіпті адамға айналады деп түсіндірді депутаттар.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Стратегиялық маңызы бар мынадай нысандар мемлекет меншігінде болуы шарт. Бұл қауіпсіздік үшін маңызды. Одан бөлек, күштік құрылымдар пайдаланатын өнімді сатып алуда отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Егер Қазақстанда шығарылмайтын тауар болса импорттауға рұқсат етіледі. Құжат бүгін бірінші оқылымда мақұлданды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу