Мәжіліс депутаттары самокаттардың жүрісін реттейтін заң жобасын мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары самокаттардың жүрісін реттейтін заң жобасын мақұлдады

14.05.2023


Енді қала көшелері мен тротуарларда жүйткіп жүрген электросамокаттар көлік құралы деп саналмақ. Осы аптада Мәжіліс депутаттары самокаттардың жүрісін реттейтін заң жобасын мақұлдады. Жаңа құжатқа сәйкес, бұл көлік түрімен веложолақтар мен жолдың жиегінде шектеусіз жүруге болады. Яғни жылдамдығын сағатына 25 км-ге дейін үдетуге рұқсат. Алайда тротуарда сағатына 6 км-ден тез жүруге болмайды. Сондай-ақ, автожолдың оң жақ шетімен және автобус жолағымен жүруге рұқсат берілмек. Бірақ ондайда самокат жүргізушісі 18 жасқа толуы және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы шарт. Басына – шлем, үстіне жарық шағылыстыратын киім кию де талап етіледі. Сосын жол қиылысы мен бағдаршамнан өткенде самокатты жетектеп жүру міндеттелмек. Ал адам мінгестіріп, жүк тиеп жүруге тыйым салынады.

Гүлнұр Құдайбергенова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 593-бабына сәйкес және 620-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жерде самокат жүргізушілерін жазалау емес, +бірінші ескертіледі, содан кейін қайталанған уақытта әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл көлемі 593-бап бойынша 5 АЕК, ал 620-бап бойынша 3 АЕК. Басты міндет полицияның алдында тұрған – адамдардың қауіпсіздігі. Бұл жерде жаяу жүргіншілердің мүддесі жоғарырақ қойылатын болады.

Ал самокатты жалға беретін компаниялар мен экологиялық көлік қауымдастығының өкілдері электросамокаттың құқықтық мәртебесін анықтап беретін заң жобасының кей тұстарымен келіспейді. Мәселен, тротуарда самокат жылдамдығын сағатына 6 км-ден асыруға болмайтыны – самокатты көлік түрі ретінде пайдалануға жасырын жасалған тыйымға ұқсайды дейді Қауымдастық өкілдері. Себебі электросамокатты мұндай жылдамдықпен жүргізу мүмкін емес екенін алға тартады.

Талғат Рахымғалиев, Jet Кикшеринг компаниясының алматы қаласы бойынша директоры:

Алматыда жоғары төмен деген түсініктер болғандықтан, жоғарыға жүрген кезде самокаттарды итеріп жүргуе тура келеді. Себебі самокат 6 км/сағ жүрген кезде 15 градустан жоғары уже көтере алмайды. Қазірдің өзінде 25 км/сағ тротуармен ешкім жүрмейді. Біздің аналитикалық орталығымыздан есептеген кезде 12 км/сағ ол – максималды жылдамдық тротурамен жүретін адамдарда. 12 км-ден асқан кезде ол физический уже жүре алмайды, себебі адамдардың көптігіне байланысты, бұрылыстардың көптігіне байланысты.

Бизнес пен қауымдастық өкілдері тротуарда сағатына 15 км жылдамдықпен, ал жаяу жүргіншілерге арналған көшелер мен саябақтарда сағатына 6 км жылдамдықпен жүруге рұқсат беруді ұсынады. Ал басқа жердің бәрінде жүру жылдамдығын сағатына 20 км-мен шектеу керек дегенді айтты. Әрі самокатшыларға автожолға шығуға мүлдем тыйым салуды ұсынды. Әйтпесе оқыс оқиғалар көбейетінін айтады. Онсыз да Қазақстанда жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 2 мыңдай адам опат болып жатады.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу