Медициналық сақтандыру қорының көмегімен емделіп көрдіңіз бе? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медициналық сақтандыру қорының көмегімен емделіп көрдіңіз бе?

14.05.2023

Медициналық сақтандыру қорының көмегімен емделіп көрдіңіз бе? Бұл өзі азаматтардың сынына жиі ұшырайтын жоба болды. Негізі, 16 миллионнан астам Қазақстан азаматы сақтандырылған. Ай сайын қаражаты қорға аударылады. Өткен сәуірде бюджетіне 6 миллиард теңге түсіпті. Тек астаналықтардың өзінен.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары да МӘМС-ке түбегейлі реформа керек деген. Соның бірі: емханаларға берілетін квотаны жою.

МӘМС-тің жалғыз кемшілігі бұл емес. Бітпейтін кезек, таусылмайтын қағазбастылығы тағы бар. Болашағынан зор үміт күттірген жоба неге сәтсіздікке ұшырады? Қайтпек керек? Дәрігер-сарапшылар не дейді?  

МӘМС - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры. 2020 жылы жұмыс істеп бастады. Қазір онда 16 миллионнан астам Қазақстан азаматы сақтандырылған. Былтыр бюджеті 1 триллион теңгеден асыпты. Ол қаражат қайдан келді?

Забира Оразалиева , «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жеке және Заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі департамент директоры:

Он алты миллионнан астам азаматтардың сақтандырылған мәртебесіне ие болса оның 11 миллион 600 азамат мемлекет тарапынан сақтандырылған. Олар жеңілдігі бар топтарға жатады.

Яғни осы азаматтар үшін қорға қаржыны мемлекет аударады. Жеңілдікке ие 15 топ бар. Ол: кәмелетке толмаған балалар, зейнеткерлер, барлық топтағы мүгедектер, көп балалар аналар және т.б. Қалған еңбекке жарамды азаматтар үшін 5 пайыз. Оның 3 пайызын жұмыс беруші төлейді. Екі пайызы сіздің табысыңыздан аударылады. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы өзі төлейді.

Негізі тегін медициналық көмекті МӘМС-ке дейін де алуға болатын еді. Қазір де солай. Бұл конституцияда көрсетілген. Яғни медмәртебеңізге қарамастан берілетін көмек түрлері бар. Жедел жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек дегендей. Ал МӘМС-тің қызметі де, құзіреті де көптеу.

Яғни, тегін емге табылмайтын аппарат, ақысын төлегенде дайын бола қалады. Осылайша емхана науқастың қалтасынан бір, сақтандыру қорынан екі рет ақша алады.

Қайырғали Көнеев, медицина ғылымдарының кандидаты, балалар невропотологы :

Сол дәрігер, сол аппаратпен, сол кабинетте ақылы өткенде дәл қазір болады. МӘМС-тен өту үшін 3-4 ай күту керексің. Дүниежүзінде бөлінеді мысалы бюджетпен істейтін клиникалар тек қана бюджетпен ғана істейді. Ал ақылы істейтіндер ақылы ғана істейді. Ақылы істейтін клиникалар бюджетке кірісуге құқығы жоқ.

Расында мемлекет қаражат аударып отырған қор. Жартысы азаматтардың қалтасынан төленеді. Онда жекеменшік емхананың қатысы қанша?

Забира Оразалиева , «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жеке және Заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі департамент директоры:

Медициналық қызмет көрсетуге 1900-ден аса келісім-шарт бар. 1222-сі жекеменшік медциналық мекемелер.

Яғни медициналық ұйымдар қормен келісімге келуі тиіс. Оның 60 пайызы жекеменшік. Неліктен олар белсенді деген ой туады осы ретте...

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қордың деректеріне сәйкес ақшаны төлеген, бірақ көрсетілмеген медициналық қызметтер өте көп. Қор көлемі шамамен 10 пайызының өзін тексергеннің өзінде көрсетілмеген 52 мың медициналық қызмет анықталды. Ал егер 100 пайызын тексеретін болсақ онда 500 мыңнан аса ма?

Қарапайым арифметикаға салып көрейікші. 52 мың көрсетілмеген қызмет. 4000 теңгеден деп есептегенде 208 миллион теңге. Әрине, ол 52 мыңның барлығы жекеменшік деуден аулақпыз. Бірақ МӘМС жемқорлықтың бір тетігі болып тұрғанын айтпай қала алмаймыз. Бұлай жеңіл жолмен ақша тапқысы келгендер сол қызметтің құнын үш еселеп қайтаруы тиіс. Сақтандыру қорының тағы бір кемшілігі мынада.

Қайырғали Көнеев, медицина ғылымдарының кандидаты, балалар невропотологы :

Ауруханада оған айтты: «Кардиологқа барып тіркеліп ал» деп. Ол өзінің поликлиникасына кардиологқа сразу кіре алмайды. Бірінші участковыйға кіру керек. Участкелік кардиологқа жіберердің алдында терапевтке жібереді. Терапевт кардиологқа жібереді.

Яғни, қажет дәрігерге жету оңай емес. Жолай тағы екі-үшеуіне соғуға міндеттейді. Емханалар мұндай әрекетін қызмет тарифінің төмендігімен ақтауға тырысады. Оның расында аз екендігін депутаттар да айтқан еді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жалақыны өсірген кезде медициналық қызметтер тарифінің пропорцианалды өсуі болмады. Сондықтан тарифтің көп бөлігі жалақы төлеуге жұмсалады да, ал дәрі-дәрмектерге медқұрал-жабдықтарға, тексеру жүргізуге анализдарға тіпті ақша да қалмайды.

Қаладағылар МӘМС-тен көңілі қалса, ақылы емханаға барады. Әйтеуір қосымша шығындалса да дертіне шипа табады. Ал, шалғайдағылар қайтпек? Қалаға келе ме? Мысалы мынау Ақмола облысының Симферопль, Қонысбай, Елікті ауылындағы медициналық бекеттердің көрінісі....

Елдос Есенбол, тілші:

Тізе берсең, мәселесі көп МӘМС-тің. Қор басшылығы біразын шешеміз деп уәде етіп отыр. Кейбір медқызмет тарифінің бағасын көтереміз дейді. Кепілдендірілген тегін көмек пен МӘМС-ті біріктіреміз дейді. Бірақ, ең бастысы қаражат ашықтығын қамтамасыз ету. Депутат та, сарапшы да осылай дейді. Егер өзіне тиесіліні білсе, азамат да талап ете алады. Дәрігер де заңды белшесінен баса алмайды сонда. Ал қаражаттың ашықтығын қамтамасыз етудің төте жолы, қызметті цифрландыру дегенге тоғысады мамандар пікірі.


Хабарламаларға жазылу