АҚШ заңсыз миграцияның жолын кеспек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ заңсыз миграцияның жолын кеспек

12.05.2023

АҚШ заңсыз миграцияның жолын кеспек. Бұдан былай шекараны заңсыз кесіп өтетін мигранттар жазаға тартылады әрі кері қайтарылады. АҚШ билігі тәртіпті қатаңдататын жаңа құжат қабылдады.

Бұл Мексика мен АҚШ шекарасындағы қазіргі көрініс. Нөпір халық Америкаға жаңа тәртіп енгізілмей тұрып кіріп алу үшін жанталасып жатыр. Екі күннің ішінде 10 мың адам шекараны заңсыз кесіп үлгерген. Себебі жаңа құжат күшіне енсе миграциялық полиция шекарадан жасырын өткен кез келген адамды Мексикаға қайтаруға мүмкіндік алады.

Алехандро Майоркас:

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрі «Жаңа ережеде шекараны заңсыз кескен адамдар үшін шара қарастырылған. Кемінде 5 жылға АҚШ-қа қайта кіруге тиым салынады және егер олар қайтадан кесіп өтуге тырысса қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін.

Регламент бойынша мигранттар АҚШ-қа кірмей тұрып, әуелі Мексика секілді транзитті елден баспана сұрамауы тиіс. Олар бас тартқан жағдайда ғана АҚШ үкіметіне өтініш жасай алады. Бірақ шекарада тұрғандардың көбі бұған уақыт жолатқысы келмейді. Бірден басын қатерге тігіп, шекараны түрлі жолдармен заңсыз кесіп өтуге пейілді. Олардың қатарында өзіміздің азаматтар да жоқ емес. Бұдан Қазақстан елшісі де хабардар. Десе де қанша қазақстандық заңсыз келіп жатқаны жайлы нақты ақпарат жоқ. АҚШ үкіметі мұндай мәліметпен бөліспейді.

Ержан Ашықбаев, Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі:

Ол жолды таңдамауды ұсынар едім. Ол заңсыз. Сондықтан тиісті жауапкершілікке де даяр болуы керек. Оның үстіне Америкаға жетер жетпес байып кетем деген ұстаным да қателік.

Жалпы Конгресс бекіткен талап бойынша АҚШ қабылдайтын мигранттардың саны жылына 120 мыңнан аспауы керек. Алайда былтыр 2 миллион адам келген. Осылайша, алпауыт ел нағыз миграциялық дағдарысқа тап болды. Заңсыз келген жұрттың көбін қайта депортация жасау үшін күн сайын ондаған жолаушылар ұшағын аттандырады. Ал қатаң талап ертең күшіне енсе еліне күштеп қайтарылатындардың қатары күрт артпақ.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу