35 млн теңгеге құбыр тартылғанымен, су ішуге жарамсыз болып шықты. Түркістан облысының Жетісай ауданының тұрғындары жылдар бойы ауыз суға жарымай келеді. Соған қарамастан, бұл елдімекендер сумен қамтылған ауылдардың қатарына енгізілген. Ауыз суға бөлінген қыруар қаржы неге желге ұшты? Айнұр Әбілқасымқызы мән-жайды анықтады.
Өзбекстанмен шекарада орналасқан Жайлаукөл ауылына екі жыл бұрын ұңғыма қазылып, құбыр өткізілгенде өзегі талған жұрт таза суға қарық боламыз деп шын қуанды. Алайда, жер астынан шыққан тіршілік нәрі ащы болып, тамшы суға жарымады. Күні көрші ауылға қараған қарашаға әсіресе аптап ыстық пен аязды күндері қиын.
Жадыра Тұрғынбаева, Жайлаукөл ауылының тұрғыны:
Су тасу оңай емес. Көлік жоқ. Су ащы. Жарты құдығың екі мың теңге болады. Ол екі мың теңгені бермесең алып келмейді ешкім.
Жайлаукөлдіктер су сұрап шулаған соң, биліктегілер арнайы су сүзгіш қондырғысын орнатып берген. Бірақ бұл құрылғы да биылғы қысқа шыдас бермей, құбырлары жарылып кеткен. Қазір шағын ауылдың тұрғындары тасып алған суды құдықтарға құйып, амалдауда. Алдын ала жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша, ауыз су пайдалануға жарамды делінген. Сондықтан қайта ұңғыма қазуға қаражат бөлінбейді дейді жауапты мамандар.
Талғат Досболов, «Жетісай Су» мекемесінің директоры:
Жарамады деген халықтың сөзі емес, бізге тиісті сараптама қортындысы су пайдалануға жатпайды десе, біз ол ауыз суды ұңғымасын консервация қылып жабамыз. Сараптама жүргізіп, сол сараптама қорытындысының негізінде су беріп жатырмыз.
Судың ішуге келмейтінін ауыл әкімі жоққа шығармады. Мәселені шешу үшін ауданнан қаражат сұратқан. Қазынадан қаржы бөлінбейінше, ауыз судың ауылға жетуі неғайбыл. Сондықтан тұрғындардың тіршілік нәріне қашан қол жеткізері әзірге белгісіз.
Айнұр Әбілқасымқызы