Ақтөбе тұрғындары шіркей мен бүргеге таланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе тұрғындары шіркей мен бүргеге таланып жатыр

11.05.2023

«Пәтерлерімізде бүрге қаптады!». Ақтөбе қаласының тұрғындары осылай деп дабыл қақты. Айтуларынша, әсіресе, жоғарғы қабаттарда тұратындардан соңғы күндері маза қашқан. Түнімен қышынып, жата алмаймыз дейді. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері бұл мәселені тұрғындардың өздері шешуі керек дейді.

Бұл үй қаланың қақ ортасында орналасқан. Тұрғындар жылда көктем келісімен шыбын-шіркеймен күресіп әуре болады. Тіпті түнімен ұйқы көрмейміз дейді. Өйткені терезе саңылауларынан кірген бүрге мен шіркейдің жүрмейтін жері жоқ.

Зинаида Зеленцова, қала тұрғыны:

Қарап қалсаң бір-екі бүрге жүреді. Көршілеріміз үйреніп кеттік дейді.Бірақ бұған шыдау мүмкін емес.

Тұрғындар бұл жәндіктердің қайдан пайда болғанын білмей отыр. Бірі шатырдағы көгершіндер арқылы тарады десе, басқалары тал-теректерден пайда болады дейді.Өз беттерінше улау жұмыстарын жүргізгенімен нәтиже болмаған.

Вера Шербула, қала тұрғыны:

Менің бұл пәтерге көшіп келгеніме 4 жыл болды. Әр көктем сайын көрген күніміз – осы. Әртүрлі дәрілер әкеліп уладым, бірақ ешқандай көмегі болмай тұр.

Пәтерлерге кірген жәндіктің шіркей екенін байқадық. Алайда тұрғындар шіркеймен қоса бүрге де бар деп отыр. Ал жауапты мекеме өкілдері зиянкестерге қарсы улау жұмыстарын тұрғындардың өздері жүргізуі керек дейді. Әкімдік тек өзен жағалаулары мен қоқыс алаңдарына ғана жауапты. Ол аумақтарды улау жұмыстары ай соңында ғана басталады. 

Серік Дәулетов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Ауа райының күрт бұзылуына байланысты қазір жұмыстарды бастаған жоқпыз. Дезинфекция негізінен қаладағы 8 өзеннің бойындағы жасыл желекке жасалады. Жылына үш мезгіл. Шатырлар бойынша көпқабаттыдағы подвалдар бойынша тұрғындар өздерінің КСК, ОСИ-ларымен жұмыс жасағаны дұрыс болады.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғындар шыбын-шіркейлерден құтылу үшін улау жұмыстарын жүргізетін жеке серіктестіктерге жүгінуі керек. Олай етпесе,зиянкестердің өз бетінше кеткенін күтуден басқа амалдары жоқ.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу