Мүгедектігі бар адамдарға жағдай неге жасалмай келеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүгедектігі бар адамдарға жағдай неге жасалмай келеді?

07.05.2023

Жыл өткен сайын ескірмейтін бір проблема бар: ол – мүгедектер мәселесі. «Апта» тілшісі сұхбаттасқан кейіпкерлер өздерін «мүмкіндігі шектеулі жандар» сөз тіркесін құптамай отыр. Өйткені олар тағдырдың жазуын түбегейлі қабылдап, оған мойынсұнбаған жандар. «Біздің мүмкіндігіміз шектеулі емес», - дейді олар. Тек сол бар дүниеге шектеу қойып тұрған қоғамға налиды. Қарапайым пандус жайын «жырлап» жүргелі қашан. Былтыр арбадағы азаматқа жағдай жасамағаны үшін әртүрлі компанияларға 68 миллион теңгеге айыппұл салыныпты. Бірақ, нәтиже жоқ. Ал, ондай азаматтардың қоғамдық көлікпен жүргенін, тіпті, көрмейсіз. Неге?! Себебі үйден шыға алмайды. Шықса да автобусқа мінуі мұңға айналған. Бұл азаматтарды тасымалдайтын инватакси қызметі бар, негізі. Бірақ көпшілік олардың кәсібилігіне күмәнмен қарайды. Мүгедектігі бар азаматтарға үкіметтен қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ жетер-жеріне жетпейді. Себебі Қазақстандағы 1 топ мүгедегінің алатын өтемақысы 78 мың-ақ теңге. Осы орайда дамыған мемлекеттердегідей арнайы инспекция құру керек шығар деген ой туады. Мысалы, Жапонияда қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалайтын ұйымдар бар екен.

Кенжеғұл Сейтжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қатты жұмыс істейді. Яғни мына Үкіметтің беріліп жатқан, жасалып жатқан қызметін олар бақылайды, қадғалайды. Егерде дұрыс жетпей жатса мүдектігі бар азаматтарға олар жаңағы үкіметтің адамдарына жеткізеді. Әй мына жерде дұрыс берілмей жатыр. Мына жерде берілгенмен жетпей жатыр. Осындай жаңағы инспекциялар құрылған.

Әлемде 1 миллиардтан астам жанның мүгедектігі бар. Немесе әрбір алтыншы адам деуге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бұл. Соның 700 мыңы Қазақстанда. «Заңмен бекітілген құқығымыз болса да, заңсыздыққа тап бола береміз» дейді өздері. Қазақстанда 712 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның 71 мыңы 1 топ, 271 мыңы 2 топ, 264 мыңы 3 топ. Олардың құқығы қалай қорғалып жүр? Бірінші шілдеден бастап жаңа әлеуметтік кодекс күшіне енуі керек. Осы құжат ерекше қамқорлықтағылардың өмірін оңалтуы қажет еді. Бірақ, олар кем-кетігі көп дейді. Мысалы 169 бап. Мұнда мүгедектігі бар азаматтарға кімнің көмекші бола алмайтыны жазылған. Бір тармағы «жұмыспен қамту аясында кәсіптік оқудан өтпегендер» деп тұр. «Тағы да таусылмайтын бюрократияға тап боламыз ба?» деп қорқады олар. Екінші мәселе. Қазақстанда әр мүгедектігі бар азаматқа жылына 4 миллион 400 мың теңге бөлінеді екен. Соңғы жылдары бұл сомма көбейген болуы да мүмкін. Ол қайда жұмсалады? Кодекстің 154 бабы былай дейді. Азаматтар түрлі оңалту шараларын алуға,медициналық көмек, арнаулы әлеуметтік қызметтерді алуға құқылы. Соның бірі оңалту техникасы. Яғни арба, есту аппараты, протез дегендей. Бірақ оларды сатып алуға азаматтардың қолына қаражат берілмейді. Тек арнайы порталдан алу керек. Бар гәп осында.

Қиылбай Қаламғазин, I топтағы мүгедек:

Таңдап аласың. Бірақ таңдап алғанда оның сапасы жоқ. Ал сенде амал жоқ. Оны алмасам маған ештеңе жоқ. Соны аламын.

164 бапта азаматтарды портал арқылы керегін алуға міндеттеп қойған. Онда біз де кіріп көрдік. Бағаларын қарадық. Мысалы, мынау нашар көретіндер азаматтарға арналған оқу машинасы. Интернеттегі құны 150- 500 мың теңге арасында. Дәл осы маркалы аппарат әлеуметтік порталда 1 миллион 343 мың теңгеге бағаланған. Мүгедектер арбасы да тура осылай саудаланады.

Әлия Сүлейменова, I топтағы мүгедек:

Порталда Үкімет 737 мыңға сатып алады. Өзім қаражат жинап 2 жыл сайын өзім ауыстырам өз-өзіме. Тікелей заводтан жеткізумен бәрімен 300 мың ғана.

Сондықтан тиесілі қаражат қолымызға тисе екен тілегі бар.

Елдос Есенбол, тілші:

Бірақ бұл жандардың дүкенге бармақ түгілі, үйден шығуының өзі бір мұң. Себебі қоршаған орта оған бейімделмеген. Мысалы, мына бейнежазба Германияда түсірілген. Қазақстанда әзір мұндай жаңашылдық туралы сөз қозғаудың өзі артық. Мысалы мынау механикалық пандустың жұмыс істемей тұрғанына 10 жылдай өтіпті. Айтып-айтып шаршадық дейді азаматтар. Теп-тегіс еңіске қарай құлдилаған жолда сау адамның өзі майып болардай.

Сол себепті мүгедек азаматтар инвотаксидің қызметіне жүгінуге мәжбүр. Оның өзі қат болып тұр. Жұмысы да мінсіз емес. Және инвотаксиге бір күн бұрын тапсырыс береді. Ал бет алған жеріне жеткен соң тұтынушы арнайы қағазға қол қоюы қажет. Осылай инвотакси есеп жүргізеді. Кейін оны әкімдікке тапсырады.Себебі әр өңірдегі бұл қызметке жергілікті әкімдіктер жауапты. Астанадағысының біріне біз де хабарласып көрдік. Бағасы арзан мес екен. Хош, көлікке де мінерміз, дәріні де алармыз, шипажайға да барармыз. Бірақ ең басты қалауымыз ол емес дейді заматтар.

Жарас Камалов, I топтағы мүгедек:

Кеңес үкімітінен қалған 1,2 топ мүгедегі жұмысқа жарамсыз деген түсінік қалыптасып қалған. Демократиялық елдерде олай болмайды. Біз физикалық тұрғыдан мүмкіндігіміз шектеулі болғанымен басымыз, миымыз жасайды. Дұрыс қой?

Өркениетті елдерге бұл таңсық емес. Мысалы, АҚШ-та зейнет жасына шықса да кей мүгедектігі бар азаматтар еңбекке араласа береді. Тіпті, мемлекетке салық төлейді. Яғни қоғамның толыққанды мүшесі. Бірнеше жыл АҚШ-та, Жапонияда білім алған мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан көргенін былайбаяндады.

Кенжеғұл Сейтжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жапонияда 90 пайызын мемлекет өзі төлейді. Қалған 10 пайызды мүгедектігі бар азамат өзі төлейді. Не үшін ол 10 пайыз төлейді? Себебі Үкімет жағдай жасаған оның жұмыс істеуіне. Мен екі кісіні көрдім. Үлкен алпауыт компанияда жұмыс істейді. Мүлдем таза көрмейді екеуі де.

Ал біздегі мүгедектігі бар азаматтардың еңбек етуіне қандай жағдай жасалған? Әзірге бұл жағы қайтарымсыз гранттар, пайызы төмен несие секілді қосымша көмекпен ғана шектелген. Жалпы елдегі 700 мыңнан астам мүгедектің 420 мыңы еңбекке жарамды екен. Министрлік осылай дейді. Ал кодекстегі көмекшіні сертификаттау мәселесін жауаптылар былай түсіндірді.

Сәкен Ділдахмет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:

Қазір төленіп жатқан соммасы сақталады. Бірақ үстінен біз өтемақы ретінде яғни зейнетақысына және де әлеуметтік төлемдерін жүргізетін боламыз. Демек, жеке көмекші қазіргі таңда ресми көмекші болып тіркеледі.

Елдос Есенбол, тілші:

77 мың 800 теңге. Қазір Қазақстандағы 1 топ мүгедектері осынша жәрдемақы алады. Жыл соңына дейін бұл 14 жарым пайызға өседі дейді Үкімет. Бірақ жаңалық көңіл көншітпейді. Себебі бір рет таксиге мінуі кемі 10 мың теңге. Сонда әлгі 90 мыңды кімнің қалтасынан табасыз? Сондықтан мүгедектігі бар азаматтардың толыққанды еңбекке араласуына жағдай жасамайынша мәселені шешем деу бос әурешілік секілді. Бірақ қаладағы пандустардың жайы мынау. Осы ретте еріксіз: «ауыл-аймақтағы 300 мыңнан астам жарымжан қалай күн көріп жатыр екен?» деген ойға қаласың.

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу