Әскери доктринаға сәйкес қорғанысқа жұмсалатын қаржы жыл санап өсіп келеді. Мысалы, 2021 жылы 700 млрд теңге болған. Бірақ, сол қаражат қалай жұмсалмақ? 30 жылдың ішінде қару-жарақ пен техника қаншалықты жаңарды? Қорғанысқа жасалған осынша қолдау қауіпсіздіктің сапасын арттыра алды ма? Әскердің әлеуетін күшейту үшін тағы не істеу қажет? Қазақстандық жастар неге әскерге барғысы келмейді? Осындай сан сауалдың жауабын Аманкелді Сейтхан іздеп көрді.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Дәл қазір мемлекеттің қуаты әскердің әлеуетімен өлшенетін кезең болып тұр. Әлемнің әр түкпірінде түрлі соғыс оттары өршіп тұрғанда қазақ әскерінің қауқары қандай деген сұрақ туады.
Қазақстан қарулы күштерінің құрылғанына 31 жыл. Осы уақыт арасында қуатты әскер жасақтау үшін түрлі тәжірибелер жасалды. Әскер мерзімі де бірнеше рет өзгерді. Оқу бағдарламасы да әр кезең сайын түрленіп келеді.
Талғат Құлманов, 68665 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
Биыл біз алты айлық бағдарламаға көштік. Яғни біріншіден әскери қызметшінің жеке басын дайындау. Бір-бірлеп дайындау. Одан кейін бөлімше құрамында, одан кейін взвод құрамында, рота құрамында, батальон құрамында және ең соңында бригада құрамында дайындаймыз алты айда.
2003 жылдан бастап елімізде «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтары құрылды. Олар әуе, құрлық, әскери-теңіз күштері сынды үш бағытта сарбаз жасақтайды. Бірақ, қай-қайсы да, ең алдымен, сарбаздардың физикалық дайындығына мән береді.
Алмат Жақыпов, мерзімді әскери қызметін өтеуші:
Басында қиын болды. Физика жағынан қиын болған жоқ. Өйткені өзім гражданкадан спортсмен боп келдім. Сондықтан жүргіру деген, еңбектеу деген маған оңай келді. Басқа балалар спортшы болмағасын оларға қиын болды.
Ресми мәлімет бойынша, қазір құрлық әскерінің саны 20 мың, әуе күштері 12 мың, теңіз күштері 3 мыңдай. Сарбаздар саны көп деуге келмес. Бірақ, олардың сапалы болу үшін бөлімдер техникалық жабдықталып жатыр.
Берікбол Қуанышұлы, қатардағы жауынгер:
Менің қаруым снайперлік винтовка СВД және одан да түрлі-түрлі СПГ, НСВП, АКС қару түрлерін қолданамыз.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Қазіргі ең маңызды бағыттардың бірі әуе арқылы шабуылдау және қорғану. Осы мақсатта біздің елде ерекше мақсаттағы бригадалар құрылған. Олар ұрыс алаңына қажетті қаруларды және қажетті заттарды жеткізуге қазір дайындалып жатыр.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне жаңа зымырандық ке¬шендер алынған. Бүгінде әуе шебін С-300ПС, С-200, С-125 сынды зениттік-зымыран кешендері, сондай-ақ, отандық «Нұр» радиотехникалық кешені күзетеді. Әскери-теңіз күштері «Зенит» Орал зауытында» жасалған зымыран-артиллериялық кемелерімен жарақтанған.
Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
Біз қазір қару-жарақты Ресейден ғана емес Түркия, Қытай, АҚШ сияқты елдерден сатып аламыз. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының талаптарына сай жасақталған. Ал жеке құрам мен жүктерді тасымалдайтын ұшақтарды Испаниялық компаниялардан аламыз.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Жыл өткен сайын қазақ әскері де жаңа техникалармен қамтылып келеді. Мысалы, мынау БТР 82А сауытты технкиасы. Мұның ерекшелігі құрлықта да жүреді, суда да жүзеді, батпаққа да бата бермейді. Ал пушкасы 4 шақырым қашықтықтағы нысананы дәл көздеуге жетеді. Ал бұл «Кобра» деп аталатын жауынгерлік дөңгелекті көлік. Мұның ерекшелігі өте жылдам. Сағатына 115 шақырымға дейін жүреді. Ол қаланың ішіндегі тез қимылдауға өте пайдалы.
30 жылда әскери теникалар мен қару-жарақтың 70 пайызы жаңартылыпты. Қазір 237 ұшақ, 300 танк, 5 мың бронды машина, 400 зымыран бар.
Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
Ресей мен Украина арасындағы жағдай пилотсыз ұшатын аппараттар мен артиллериялық зымыран кешендерін көбейту қажет екенін көрсетіп отыр.
Сондай-ақ соңғы кезде биологиялық, радициялық қару түрлері көбейген. Ал олардан келетін қауіптің алдын алу оңай емес. Бұл құрылғы телеробот деп аталады. Бұл кешенде үш құрылғы орналасқан. Радиациялық, химиялық және биологиялық. Осы құрылғыда үш бейнекамера орналасқан. Германиядан әкелінген. Өте қауіпті аймақтарда төрт әскери қызметшінің міндетін атқарады. Әскери бөлімдер жаңартылып, түрлі жаңашылдықтар енгізіліп жатса да, жастар Отан алдындағы борышын өтеуге ынтасыз. Оның себебі әлі де жойылмай тұрған әлімжеттік дейді мамандар. Оның алдын алудың бір құралы бейнебақылау десек, осы жағы кемшін.
Мақсат Қазиев, ҚР Бас әскери прокурорының бірінші орынбасары:
Шекара қызметінде 358 обьектінің тек 104-і бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Ұлттық ұланды толық қамту үшін әлі 216 бейнебақылау жүйесі керек. Қорғаныс министрлігінде 12 жарым мың бейнебақылаудың 4100-і істен шыққан.
Прокуратура мәліметінше, 2020 жылдан бастап 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Қайғылы оқиғаның 20 пайызы суицид. Жауаптылар осының себебін іздеуде. Бірақ прокуратура өкілі «өзіне қол жұмсау тек әскерде өршіп тұр» деген пікір қате дейді.
Мақсат Қазиев, ҚР Бас әскери прокурорының бірінші орынбасары:
Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше 2018-2020 жылдары елде 17 мың 631 суицид және 21 мың оған оқталу жағдайлары тіркелген. Олардың 86 суициді және 20 өзіне қол жұмсауға оқталу жағдайы әскерде болған. Демек өзіне қол жұмсау көбінесе әскерде орын алды деген қоғамда пікір ресми мәліметтермен қуатталмайды.
Дегенмен өлім жағдайларының тоғыз фактісі қылмыстық әрекет салдарынан болғаны нақты анықталған, әлі де зерттеліп жатқандары бар.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Медициналық тексеру кезінде кейбір жастарымыз әскерден жалтару үшін тіпті, медкомиссияға өздері пара ұсынып, одан жалтарып жатыр. Әрине, бір жағынан оларды да, олардың әке-шешелерін де түсінуге болады. Қазіргі заманда кім 18 жасқа дейін мәпелеп өсірген баласын аман-есен әскерге жіберіп, одан кейін Құдай сақтасын, мүгедек болып немесе табытпен қарсы алып жатса, кімге жақсы?
Ресми дерек бойынша елімізде 30 мыңнан астам азамат әскерге барудан қашып жүр. Оның себебін министр былай түсіндіді.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
Біз мәселе көп екенін жасырмаймыз. Бірақ біздің мәселемізді бізден басқа ешкім білмейді. Қазір жан-жақты зерттеу жүргізіп жатырмыз. Әскердегі жағдайлардан бөлек, әлеуметтік мәселелер де бар. Оны да ұмытпау керек.
Әлімжеттікпен күресу үшін қазір әр шақырылым сарбаздары бір бөлімшеге біріктіріліп жатыр. Яғни мерзімді қызметке өздерінен бұрын немесе кейін келген жауынгерлермен араласпайды. Ал, жастарды ынталандыру үшін әскерге келген азаматтарға несие демалысы мен жоғары оқу орындарына емтихансыз түсуге мүмкіндік жасалан.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Біз бүгін қазақ әскерінің жағдайын қысқаша ғана шолып өттік. Егер қауіп төнсе, ел мен жерді қорғайтын осы жігіттер.
Аманкелді Сейтхан