Қазақстан мен Тәжікстанның қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Тәжікстанның қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді

07.05.2023

Одақтас елдер. Қазақстан мен Тәжікстанның қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Осы аптада мемлекеттік сапармен Астанаға келген Эмомали Рахмон да, оны Ақордада қарсы алған Қасым-Жомарт Тоқаев та «бұл - тарихи шешім» деді. Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларация екі елдің дипломатиялық байланысына 30 жыл толғанда қабылданып отыр. Мән беретін бір факт: Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон алғаш рет Қазақстанға тура 30 жыл бұрын келген еді. Тәжікстанда билік транзиті жүрмеді. Бірақ көп ұзамай болып та қалуы мүмкін дейді сарапшылар. Сондықтан саяси процесстің алдында Қазақстанмен байланысты кеңейтудің мәні бар көрінеді. Ол туралы кейінірек сюжеттен білесіздер. Үш он жылдықта қос мемлекеттің сауда-саттығы да, өзге салалардағы байланысы да артып келеді. Әсіресе Қазақстанның Тәжікстан үшін рөлі үлкен. Жетекші серіктесі әрі ортақ сыртқы сауда құрылымында екінші орында тұр. Қазақстан Тәжікстанға тікелей қаржы құйып, 84 кәсіпорын ашқан. «Бізден сізге бидай, ұн, мұнай, ал сіз бізге электр энергиясын, көкөніс, мата беріңіздер». Осындай алыс-беріс қалыптасқан. Ал енді байланысқа қазық болатындай жаңа жобалар қосу жоспарда бар. Қасым-Жомарт Тоқаев тауар айналымын арттыру керек екенін айтты. Қазақстандық өндірушілер қазірдің өзінде Тәжікстанға жалпы көлемі 140 миллион доллардан асатын 60 тауар түрі бойынша өз экспортын ұлғайтуға дайын деді ол. Қазақ пен тәжік арасында байланыс бұрыннан бекем. Мемлекеттер басшылары түрлі саяси алаңдарда жиі кездеседі. Бірақ бұл жолғының жөні бөлек: мемлекеттік сапар әрі маңызды құжатқа қол қойылады. Екіжақты байланыстың негізгі драйвері – сауда-саттық. Қазақстан – Тәжікстан үшін ірі экспорттаушы ел. Ресейден кейін тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Тек былтырдың өзінде екіжақты сауда айналымы 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард долларға жетті. Қазіргі жағдайда бұл – жақсы нәтиже. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірқатар экономикалық жоба жүзеге асырылу сатысында тұр.

Ия жоба көп. Солардың бірқатары осы сапарда құжатпен бекіді. Тараптар түрлі салада 20 келісім жасасты. Демек, 20 бағытта байланыс нығаяды. Солардың бірі – энергеика.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

Ірі энергетикалық нысандарды дамыту бағытында жұмыс жүргізуіміз керек. Өйткені, осы бағытта бізде әлеует жеткілікті. Әсіресе, оңтүстік Қазақстанда құрылыстың қуатын арттыруда ауқымды жоспар бар. Газ станциясы, Алматы энергия кешені сынды жобаларда бірлескен жұмыстар күтіп тұр.

Тағы бір келісім – кеден қызметі. Енді Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауарлар туралы барлық ақпаратты екі ел де біліп отырады. Бұл заң бұзушылықтың алдын алады әрі осы бағыттағы алғашқықұжат.

Данияр Жаналинов, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы:

Осыған дейін болмаған. Енді ақпарат алмастырғаннан кейін бұл жұмысты ары қарай нығайтамыз да, мемлекетке кірмей тұрып бағаны біліп отырамыз. Міне, тура осындай қойыңыздар, ертеңгі күні төлейтін салықтарын дұрыс болсын деп. Міне осындай жұмыс атқарып жатырмыз.

Қазақстан бидайына қызығатын ел көп. Ең ірі тұтынушы – осы Тәжікстан. Бұл жолы да өнім көлемін көбейтуге келісім жасасты. Алдағы 5 жылда экспорт 1 млн тоннаға дейін жетеді. Арадағы алыс-беріс мұнымен шектелмейді. Тәжік тарапы қазақ нарығын көкөніс және жеміс-жидекпен қамтып отыр. Енді бұл өнімдердің бағасы төмендеуі мүмкін. Ауылшаруашылығы саласына арналған ірі жол картасы бекіді.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Тәжікстаннан біз мынау көкөніс, жидек импортталады. Себебі ауа райын жағдайлары өте қолайлы. Біздің нарыққа картоп болсын, пияз болсын ертерек қолайлы бағамен алып келуге мүмкіншілік ашылып жатыр.

Тәжіктер Қазақстанның қызмет көрсету саласына да қызығушылық танытып отыр. Әсіресе, ІТ, цифрландыру бағытындағы бастамаларға сұраныс басым. Президент цифрлық саламен қатар, қаржы бағытындағы ынтымақтастықты жандандыру керек деді. Бұдан бөлек жетекші оқу орындарының бірлескен филиалдары ашылады. Жалпы, Қазақстан биыл Тәжікстанның негізгі сауда серіктесіне айнлуы мүмкін.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Президенті:

Қазақстан бүгінде Тәжікстанның суда серіктестерінің арасында екнші орында тұр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша осы көрсеткіш бойынша бірінші орынға шығуы мүмкін. Оған орасан мүмкіндіктер бар.

Өңіраралық қауіпсіздік мәселесі де талқыланды. Тараптар қауіп төндіретін қатерлермен күресте күш біріктіргн жөн десті.

Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:

Бүгінгі күні күзетті күшейту сынды сұрақтар туындап отырған жоқ. Тәжікстан да Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше. Сондықтан біз міндеттерді орындап отырмыз. Әлі де орндай береміз.

Жанат Момынқұлов, халықаралық сарапшы:

Тәжікстан - Орталық Азиядағы түркі емес жалғыз мемлекет. Және Тәжікстан оңтүстік аймағымыз үшін тәжік тілдес халықтар бар. Олармен де мәдени байланыстар өте маңызды. Тәжікстан осы Орталық Азияның маңызды мемлекеті. Оған Қазақстан белгілі деңгейде мән беріп жатыр. Және қажетті мән беру керек.

Сонымен, тараптар 1 млрд 800 млн долларға уағдаласты. Қазақстандық өндірушілер тағы 60 түрлі тауар ұсынуға дайын. Енді бұл келісімдердің орындалуын мемлекеттер басшылары тікелей қадғаламақ. Президент энергетика, машина жасауда екіжақты өзара іс-қимылды тереңдетуде үлкен мүмкіндіктер ба екенін айтты.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

Былтырдан бастап біздер Тәжікстанға өзіміздің Сарыарқа Автоөнеркәсібінің көлігін экспорттауға бастадық. Былтыр 50 көлік кетті. Қазіргі уақыта Душанбенің таксопаргінің негізі біздің джак қазақстанның көліктері.

Жалпы, қазақ-тәжік ынтымақтастығы одақтастық деңгейіне көтеріледі. Екі ел Президенті 24 бағытты қамтыған үлкен декларацияғ қол қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – мән-мағынасы зор қадам. Басты мақсат – екі елдің достығын нығайтып, түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастыққа жаңа серпін беру. Біз шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитралық байланыстарды дамытуға баса назару керек.

Қос президент те бұл қадамды «тарихи» деп бағалап отыр.

Жанат Момынқұлов, халықаралық сарапшы:

Тарихи деп отырған себебі бұған дейін осындай кең ауқымда үлкен нәтижемен аяқталған мұндай кездесу менің есімде жоқ. Мысалы, Тәжікстан осы Орталық Азия аймағындағы билік транзиті орын алмаған бірден-бір мемлекет. Екіншіден кейбір сарапшылардың айтуы бойынша алдағы жылдарда билік транзиті өтеді. Соның алдыңда Тәжікстан Президенті Орталық Азияның ең ірі мемлекеті Қазақстанның қолдауын алуға мәжбүр.

Жаңа деңгей. Жаңа меже: тараптар сауда-саттықты көп ұзамай 2 миллард долларға жеткізуге мүдделі.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу