Бүгін әскери қызметкерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін әскери қызметкерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды

05.05.2023

Қамсыз отыруға болмайды. Мемлекет басшысы қарулы күші барлық жағдайға сақадай сай болуға шақырды. Әрі қорғаныс және қауіпсіздік саласы күшейетінін айтты. Отан қорғаушылар күніне орай Президент жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысып, әскери қызметкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атырау мен Алтайға дейінгі қазақтың байтақ даласын көкте де, жерде де қорғап тұрған үлкен күш бар бізде. Олар – ел қорғайтын осы ерлер. Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы және Жеңіс күнімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақ – даңқты тарихын ат тұяғымен жазған халық. Біз ұлан-ғайыр жерін жауға бастырмаған батыр елдің ұрпағымыз. Алапат соғыста жеңіске жеткен қаһарман ерлердің ізбасарымыз. Қазір еліміздің күштік құрылымдары Қазақстанның қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп тұр. Отанымыздың іргесі берік болуын қамтамасыз ету – әр азаматтың перзенттік парызы.

Заманауи, кәсіби, қуатты армия бар. Мемлекеттің қорғаныс қабілеті күшейді. Ұлттық қауіпсіздікті әлі де нығайта түскен жөн. Қос мереке алдында Президент әскери қызметкерлерді жинап, осыны тағы еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан – бейбіт мемлекет. Біз барлық елдермен достық қатынас орнаттық. Мемлекеттер арасындағы кез келген мәселені бейбіт жолмен шешу керек деп санаймыз. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Барлық жағдайға сақадай сай болуымыз айрықша маңызды. Еліміздің қорғаныс және қауіпсіздік саласын күшейту – басты міндеттің бірі. Бұл міндеттің мінсіз орындалуы сіздерге байланысты.

Әлемде бейбіт өмірді көп ел аңсап жүр. Бұл бақытты қадірлеу баршаның міндеті. Әсіресе, Отан қорғаушыларға артылар жүк ауыр. Олар өз міндетін адал атқарып жүр. Қауіп пен қатер қатар келгенде, жасқанбай, ел мен жерді қорғап келеді. Бейбіт күннің батырлары да арамызда. Бүгін бірқатарын Президент арнайы марапаттады. Тағы бірқатарының әскери шенін өсірді. Еңбегімен еленген ерлер «Даңқ», «Айбын, «Құрмет» ордендерін кеуделеріне тақты және «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары табысталды.

Бауыржан Артықов, ҚР Қарулы Күштері Бас штабының департамент бастығы:

Президенттің қолынан үлкен марапат алдым. Генерал-майор атағын алдым. Үлкен рахмет Президентке осындай шаралар ұйымдастырып, біздің отанқорғаушыларды келе жатқан мерекемен құттығанына. Қарулы күштер тек қана өркендеп-өсе берсін.

Мемлекет тарапынан күштік құрылымдарға қолдау кеміген емес. Кемімейді де. Президент бұл мызғымас басымдықтардың бірі екенін айтты. Өйткені елдің тұрақтылығы мен тыныштығы бәрінен жоғары. Ал антқа адал қарулы күштер - азаттықтың сақшысы!

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу