Қамқорлыққа мұқтаж балалар қағажау көріп келеді. Арнайы күтімді қажет ететін бүлдіршіндерге арналған орталық маманы тәрбиеленушілерді ұрып келген. Ата-аналар мұндай жағдай тағы қайталануы мүмкін екенін айтады. Сондықтан бақылауды күшейтуді талап етіп отыр.
Елордалық Әсел Ыбыраева үйге келгенде баланың денесінен көгерген, сырылған іздерді байқайды. Дереу балабақшаға барып, бақылау камераларын қараған. Бейнежазбада 6 жасар ұлын тәрбиешінің ұрып-соққанын көріп, жаны түршігеді.
Әсел Ыбыраева, ата-ана:
Алғашында балалар бір-бірімен төбелескен екен деп ойладым. Өйткені қолы бір жерден емес, бірнеше жерден көгерген. Сондықтан ұлымның кіммен төбелескенін анықтап, тәрбиешілерге ескертейін деп ойлағам. Шын мәнінде тәрбиешінің өзі ұрып келіпті. Менің ғана балам емес, барлық бала таяқ жеген. Сондықтан жылы жауып қоймау керек деп ойлаймын.
Қазір қорғансыз балаға қол жұмсаған тәрбиеші жұмыстан шығарылды. Ол орталықта 5 жылдан бері жұмыс істеп келген екен. Бұған дейін оғаш мінезі байқалмаған. Мекеме басшысы бақылауды күшейту үшін бейнекамераларды жаңартуға байқау жариялағанын жеткізді.
Нұрбол Зұлқарнаев, «Нұрлы жүрек» орталығының директоры:
Жоспарда бар бейнекамераларды менің кабинетіме арнайы мониторға шығарып, сосын әрбір корпуста пост бар бізде. Сол постқа шығарамыз. Постта отырған қызметкер және мен өз кабинетімде көріп отырам. Биыл қыркүйек айына дейін бітіреміз деген ойдамыз.
Сонымен қатар, цифрлы камераларды тікелей «Айкөмек» қызметіне трансляциялау қарастырылған. Бірақ ата-аналар бақылау үшін бұл шаралар жеткіліксіз екенін айтады.
Ботагөз Сұлтанова, «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының төрағасы:
Әр мекемеде ата-ана камералар арқылы баласын онлайн бақылай алуы үшін жағдай жасалуы керек. Сонда тәрбиеші де, басқа қызметші де балаларға қол көтеруге батпайды. Осындай қадағалау болғанда ғана жағдай түзеледі.
Уәкілетті органдар ата-аналар ұсынысын қарастыруға уәде берді. Бірақ мәселе заң талабына томпақ келмеуі керек.
Илья Скуб, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы:
Камераға бір ғана емес, барлық бала түседі. Ал ол материалды кім қалай қолданатынын ешкім білмейді. Яғни, біз басқа балалар мен ата-ананың да құқығын бұзбауымыз керек. Сондықтан бұл мәселе бойынша Бас прокуратурамен ақылдасамыз.
Қазір бұл орталықта 300-ге жуық бала тәрбиеленеді. Олардың арасында ауыр диагноз қойылған бүлдіршіндер де бар. Яғни, қамқорлыққа зәру балғындардың құқығы тапталмауы үшін бақылау да қатаң болуға тиіс.
Серік Селеубайұлы