Елімізде жеміс-жидектер мен көкөністердің бағасы арзандауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жеміс-жидектер мен көкөністердің бағасы арзандауы мүмкін

04.05.2023

Жеміс-жидектер мен көкөністердің бағасы арзандауы мүмкін. Өйткені Тәжікстаннан өнім жеткізу жолдары тағы пысықталып жатыр. Жалпы қазақ-тәжік байланысы алдағы уақытта қарқынды дамиды. Бүгін Тәжікстан президентінің Астанаға сапары аясында 9 құжатқа қол қойылды. Келісімдерден кім не ұтады?

Қазақ пен тәжік арасында достыққа негізделген байланыс бұрыннан бар. Екі ел бауырлас, серіктес. Мемлекеттер басшылары түрлі саяси алаңдарда жиі кездесіп жүр. Бірақ бүгінгінің жөні бөлек - мемлекеттік сапар.

Мәртебелі мейманға бар сән-салтанатпен құрмет көрсетілгеннен кейін тараптар бірден шағын құрамда келіссөз жүргізді. Екеуара біраз мәселені қаузады. Алдымен, сауда-саттық. Екі ел арасындағы негізгі драйвер осы сала. Қазақстан – Тәжікстан үшін ірі экспорттаушы ел. Ресейден кейін тұр. Сауда-саттықтың дені бізден жөнелтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тек былтырдың өзінде екіжақты сауда айналымы 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард долларға жетті. Қазіргі жағдайда бұл – жақсы нәтиже. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірқатар экономикалық жоба жүзеге асырылу сатысында тұр.

Эмомали Рахмон Тәжікстан Республикасының президенті:

Тәжікстан мен Қазақстан стратегиялық әріптестер, біздің қарым-қатынастарымыз тұрақты түрде дамып келеді. Біз оны одан әрі нығайтуға үлкен мән береміз. Қазақстан бүгінде басты сауда серіктестеріміздің арасында екінші орында. Былтырғы тауар айналымының өсімі 20 пайыздан асты. Біз басқа салаларда да қарқынды диалог жүргіземіз.

Тауар айналым 1,5 млрд долларға таяды. Яғни, жоспарланған межеден асты. Бұл жолғы сапар аясында тараптар тағы 1 млрд 800 млн долларға уағдаласты. Демек, көп салада серпіліс бар. Енді бұл келісімдердің орындалуын мемлекеттер басшылары тікелей қадағалап отырмақ. Өйткені алыс-берісті ұлғайтуға екі елдің де әлеуеті жетеді. Мәселен, тәжік тарапы қазақ нарығын көбіне көкөніс және жеміс-жидекпен қамтып отыр. Алда бұл өнімдердің бағасы төмендеуі мүмкін. Бүгін ауылшаруашылығы саласына арналған жол картасы бекіді.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Тәжікстаннан біз мынау көкөніс, жидек импортталады. Себебі ауа райы өте қолайлы. Біздің нарыққа картоп болсын, пияз болсын ертерек қолайлы бағамен алып келуге мүмкіншілік ашылып жатыр.

Тәжікстан таулы аймақта орналасқан ел. Сондықтан су электр станциялары саласында ірі жобалар көп. Ал біз электр энергиясын негізінен көмірден аламыз. Тараптар осы бағытты жандандыруға ниетті.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

Ірі энергетикалық нысандарды дамыту бағытында жұмыс жүргізуіміз керек. Өйткені осы бағытта бізде әлеует жеткілікті. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстанда құрылыстың қуатын арттыруда ауқымды жоспар бар. Газ станциясы, Алматы энергия кешені сынды жобаларда бірлескен жұмыстар күтіп тұр.

Тағы бір келісім – кеден қызметі. Енді Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауарлар туралы барлық ақпаратты екі ел де біліп отырады. Бұл заң бұзушылықтың алдын алады әрі осы бағыттағы алғашқы құжат.

Данияр Жанәлинов, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы:

Осыған дейін болмаған. Енді ақпарат алмастырғаннан кейін бұл жұмысты әрі қарай нығайтамыз да, мемлекетке кірмей тұрып бағаны біліп отырамыз. Міне, тура осындай қойыңыздар, ертеңгі күні төлейтін салықтарың дұрыс болсын деп. Міне, осындай жұмыс атқарып жатырмыз.

Президент энергетика, машина жасауда екіжақты өзара іс-қимылды тереңдетуде үлкен мүмкіндіктер бар екенін айтты. Қазақстандық өндірушілер тағы 60 түрлі тауар ұсынуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің ел Тәжікстанға азық-түліктен бастап теміржол компоненттері мен жылжымалы құрамдарға дейін тауарлардың кең желісін жеткізуді арттыра алады.«Kazakh Export» компаниялары желісі бойынша келешегі зор келісімшарттар жасалуы мүмкін. Бұл желінің қызметі ТМД елдерінде кеңінен сұранысқа ие. Тәжік бизнесінің де Қазақстанға жеткізетін экспорт көлемін ұлғайту үшін үлкен резервтер бар екеніне сенімдімін.

Тәжіктер біздің қызмет көрсету саласына да қызығушылық танытып отыр. Әсіресе, ІТ, цифрландыру бағытындағы бастамаларға сұраныс басым. Ал бізде ұсынар жоба жетеді. Бауырлас елге көмек көрсетуге дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық саламен қатар, қаржы бағытындағы ынтымақтастықты жандандыру керек деді. Бұдан бөлек, жетекші оқу орындарының бірлескен филиалдары ашылуы мүмкін. Жалпы, Қазақстан биыл Тәжікстанның негізгі сауда серіктесіне айналмақ. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның болжамы - осы.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:

Қазақстан бүгінде Тәжікстанның суда серіктестерінің арасында екнші орында тұр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша осы көрсеткіш бойынша бірінші орынға шығуы мүмкін. Оған орасан мүмкіндіктер бар.

Өңіраралық қауіпсіздік мәселесі де талқыланды. Тараптар қауіп төндіретін қатерлермен күресте күш біріктірген жөн десті. Жалпы қазақ-тәжік ынтымақтастығы одақтастық деңгейіне көтеріледі. Екі ел Президенті тиісті декларацияға қол қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – мән-мағынасы зор қадам. Басты мақсат – екі елдің достығын нығайтып, түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастыққа жаңа серпін беру. Біз шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитралық байланыстарды дамытуға баса назар аудардық Осы сапар Қазақстан мен Тәжікстан қарым-қатынасын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенемін.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Осылайша, қазақ-тәжік байланысы жаңа келісімдермен толықты. Бүгін қол қойылған құжаттар өзара алыс-берісті ұлғайтпақ. Алдағы уақытта тауар айналымын кемі 2 млрд долларға жеткізу межесі тұр. Демек, елдер арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілмек. Мұны екі ел президенті де екшеп айтты.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу