Елордада Әскери-теңіз күштерінде қызметін аяқтаған 45 матросты салтанатты қарсы алу шарасы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Әскери-теңіз күштерінде қызметін аяқтаған 45 матросты салтанатты қарсы алу шарасы өтті

03.05.2023

Әскери борыш – абыройлы міндет. Елордада Әскери-теңіз күштерінде мерзімді әскери қызметін аяқтаған 45 матросты салтанатты қарсы алу іс-шарасы өтті. «Бұл жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге және әскери қызметтің беделін арттыруға оң ықпал етеді», - дейді жиналғандар. Шара қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылды.

Туған-туыс, жақындарымен қауышып жатқан бұл матростар осыдан 1 жыл бұрын Ақтаудағы әскери-теңіз базасына дәл осындай салтанатты жағдайда аттанған болатын. Осы уақыт аралығында өздеріне артылған сенімді абыроймен орындап, елдің тұғырын биік етті. Оқу-жауынгерлік міндеттерді атқаруда кәсіби шеберлік танытты.

Жұмабек Хасенов, ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының орынбасары:

Үлкен-үлкен жорықтарға шықты. Иран еліне дейін барып келген сарбаздарымыз бар. Әзербайжанға дейін барғандар бар. Ресейдің әскери порттарында болып, өздерінің қызметтерін абыроймен атқарып келді. Үлкен ауыр пулеметтерден де атты. Әскери техниканы да жүргізді.

Биыл еліміздің Әскери-теңіз күштеріне 30 жыл толып отыр. Қарулы күштердің бұл түрі қарқынды дамып, әскерилер мен сарбаздардың біліктілігі арта түсті. Енді олардың қатарын осы елжанды матростар толықтырады.

Айболат Аманкелдин, матрос:

29/011 әскери бөлімінде болдым. Штабтық батальонда. Аға атқыш болып қызметке отырдым. 1 жылда өзгеріп, біраз нәрсе үйренеді екенсің. Біраз заттың қадірін түсінеді екенсің. Отан алдындағы борышты өтеу – барлық ер-азаматтың міндеті.

Сарбаздар Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі мемлекеттің аумақтық тұтастығын көздің қарашығындай қорғады. Ел егемендігі мен экономикалық мүдделерді сақтау секілді жауапты міндеттерді орындады. Шыңдалды. Ата-ананың сеніміне селкеу түсірмеді.

Берікбек Надрәлиев, қала тұрғыны:

Жауынгерліктің қыр-сырын үйреніп, әскери маман алып келіп жатыр. Дайындық кезінде өздерінің жақсы нәтиже көрсетіп, абыроймен, даңқпен оралып жатыр мінеки. Соған қатты қуанып жатырмыз.

Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу – асыл парыз. Бұл – қасиетті борыш. Батырлық пен табандылықтың, нағыз патриотизмнің белгісі. Осыны міндет еткен сарбаздар енді әр салада еңбек етіп, елдің көркеюуіне өз үлестерін қосатын болады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу