Қызылорда облысының 30 ауыл мектебіне автобус табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысының 30 ауыл мектебіне автобус табысталды

29.04.2023

Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі мен Қызылорда облысының әкімдігі бірлесіп білім саласын жетілдірудің жол картасын әзірледі. Жеті жылдық бағдарламада аймақтың ағарту саласындағы өзекті мәселелер толық шешімін табатын болады. Соның алғашқы қадамы ауыл мектептеріне автобус табыстаудан басталды.

Облыста шалғайдағы 20-дан аса ауылда балалар білім алу үшін жақын елдімекендердегі мектепке қатынап оқиды. Бұрын оқушыларды тасымалдау үлкен қиындық туғызса, енді міне арнайы 30 автобус алынып, мәселе оң шешімін тапты.

Талант Баданов, №70 орта мектебі директорының міндетін атқарушы:

Мектебімізде бұрын «УАЗ» автокөлігі 8 орындық, сонымен Ақшатаудан 16 оқушы, Хан елдімекенін 10 оқушы қатынап біз екі рейс жасап осындай қиындық туғызатын еді. Енді мінекей жаңа автокөлікке ие болып, алып отырмыз.

Жалпы бұл аймақтың білім саласына жасалып жатқан игі жобалардың бастамасы ғана. Жергілікті билік алдағы уақытта заманауи балабақша мен мектептердің құрылысына айрықша басымдық бермек.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Біздің өңірде 21 жайлы мектептің құрылысы салынады. Оның жақын күндері 10-ның құрылысы басталады. Оның сегізі осы облыс орталығы Қызылорда қаласында, 13-і аудандарда салынатын болады.

Оқу-ағарту министрлігі биыл еліміздегі білім жүйесінің сапасын арттыру мақсатында әр облыс бойынша атаулы жол картасын іске асыруды қолға алып отыр.

Ғани Бисембаев ҚР Оқу-ағарту министрі:

Бұл жол картасында негізінен білім саласындағы проблемалық мәселелерді шешуге барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін жұмылдыруға бағытталған.

Аймақтың білім саласын дамытудың «2023-2029 жылдарға арналған жол картасына» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев қол қойып, нәтижелі жұмыс істеуге уағдаласты.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу