Астанадағы жалпықалалық сенбілік: 62 мың тұрғын қаланы тазартуға атсалысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы жалпықалалық сенбілік: 62 мың тұрғын қаланы тазартуға атсалысты

29.04.2023

Бүгін Астанада үлкен жалпықалалық сенбілік өтті. Оған 62 мыңнан астам елордалық қатысты. Таңертең қолына тырма мен күрек ұстап тазалыққа шыққандардың арасында қарапайым тұрғындармен қатар еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес өкілдері де бар.

Бүгін таң қылаң бере елордалықтар Есілдің сол жағалауындағы көрікті мекендердің бірі – Ботаникалық баққа жиналды. Аумақты қоқыстан тазартып, парктегі ағаштардың түбін қопсытты. Сенбілікке шыққан белсенділер бұл шара қаланы таза ұстауға, табиғатқа құрмет көрсетуге тәрбиелейді деп санайды.

Тансила Мұздыбекова, қала тұрғыны:

Мұнда балалармен келген де ата-аналар бар. Бұл енді сенбіліктің тәрбиелік мағынасын да көрсетіп отыр. Себебі баламызға айналаны тазалауды үйретсек, ертеңгі күні балаларымыз да айнала қоршаған ортасын да таза ұстайды деген ниеттеміз.

Сенбілікті пайдаланып Ботаникалық баққа сыйлық та жасалды. Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков арнайы Студенттер аллеясы үшін 140 Сиверс алма ағашын Алматыдан алдыртқан. Әкімдік көшет отырғызуға парктегі Тайқазан субұрқағының жанынан жер бөлуінің де символикалық мәні бар.

Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Кезінде 1989 жылда Санкт Петербордан Тайқазанды шығарған кезде мен сол жерде болдым. Өзімнің үлесімді қостым. Мен жалғыз фотограф болғам. Сол суреттерді осыдан 12 жыл бұрын Түркістанға барғанда тапсырғам.

Экологиялық акцияға елорда жастары да қатысты. Студенттер осылайша замандастарына үлгі көрсетіп, қаланың таза да көрікті болуына үлес қосуға келгенін айтады.

Жолдасбек Байжұмат, студент:

Табиғатты сақтауымыз ол сіз бен біздің қолымызда. Қоқыс жәшігі тұрған болса да, айналасында қоқыс байқауға болады. Алдағы уақытта бұдан біз сабақ алып, қоқыс жәшігіне лақтырып қоқыстарды және де жолдан көріп жатсақ оны алып, қоқыс жәшігіне тастауға міндеттіміз.

Елордадағы жалпықалалық сенбілікке 3,3 млн шаршы метрден астам жерінен мың тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды. Қала бойынша барлығы сегіз мыңға жуық жасыл желек отырғызылды.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу