Анкарада Қазақстан мен Түркия достығына арналған саябақ ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкарада Қазақстан мен Түркия достығына арналған саябақ ашылды

28.04.2023

Анкарада Қазақстан мен Түркия достығына арналған саябақ ашылды. Салтанатты шараға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен Түркия Ұлттық Мәжілісінің басшысы Мұстафа Шентоп қатысты. 14 мың шаршы метр болатын отбасылық саябақтың ашылуы Түркияның 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мәжіліс төрағасы барша түрік халқын осы мерейлі мерекемен құттықтап, бақ-береке тіледі. Жаңа саябақ мәдениеті мен тарихы ортақ екі елдің ынтымағының символы екенін атап өтті. Мұнда түркі жұртына ортақ Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк жазба ескерткіштерінің көшірмелерімен қатар қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні мен ғұлама ғалым Әл-Фарабидің ескерткіштері де орнатылған.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Күннен күнге, жылдан жылға біздің достығымыз нығайып келе жатыр. Оның нығайуына үлкен ықпал етіп отырған біздің мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Таийп Ердоған мырзалар. Бізде Қазақта айтады «Ағаш тамырымен мықты, адам достарымен мықты» деген сөз бар. Сіздер сияқты достарымызбен мықтымыз. Сол достықтың бір көрінісі мына саябақтың ашылуы.

Сапар барысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов түркиялық әріптесі Мұстафа Шентоппен екіжақты кездесу өткізді. Алдымен Түркияда болған жойқын жер сілкінісі қазақ халқының қабырғасын қайыстырғанына тоқталып, көңіл айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жер сілкінген облыстарда әлеуметтік ғимараттардың құрылысы жоспарланып отырғанын атап өтті. Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу