Қазақтың тұңғыш бард әншісі, ақын, сазгер Табылды Досымов көзі тірі болғанда 50 жасқа толар еді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың тұңғыш бард әншісі, ақын, сазгер Табылды Досымов көзі тірі болғанда 50 жасқа толар еді

02.09.2015
Қазақтың тұңғыш бард әншісі, ақын, сазгер Табылды Досымов көзі тірі болғанда 50 жасқа толар еді

Гитара асынған қазақтың қара домалақ баласы 90-шы жылдары жарқ етіп шығып, сол биігінен әлі де аласармай келеді. Ақынның сағынышқа, мұңлы сезімге, тәкаппар намысқа толы әндері көптің жүрегін жаулап алды. Жастарға патриоттық рух сыйлады.

«Жалған дүние», «Ұнатамын мен сені», «Сәйгүлік», «Мен қазақпын» әндерін қалың қазақ жақсы біледі, сүйіп тыңдайды. Еске алу кешіне шартараптан жиналған достары келелі істі қолға алғанын жеткізді.

Әділбек Алпысбаев, курстас досы, ҚР Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің инспекторы:

«Табылды Досымовтың 50 жылдығына орай Табылды атындағы стипендия тағайындадық. Ол биылдан бастап Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетідегі белсенді студентке тағайындалатын болады. Дәстүрлі түрде беріліп отыратын болады». 

Сазды кеште сырлы ән толастамады. Екі сағат бойы естеліктермен өріліп, көркем көрініспен толықты.

Ақынның өзі кетсе де, көзі тірі. Ұлы Абыл әке жолын жалғастыруды мақсат етеді.

Абыл Аяш, ұлы:

«Әкемнің 70-тен астам әні бар қазаққа тастап кеткен. Соны өзіме мұра деп есептеймін. Сол әндерді жарыққа шығарғым келеді. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмын».

Табыл көзі тірісінде ешқандай атақ қуған жоқ.  Және онысына өкінген де емес. Өкініштісі, қырықтың қақ ортасында қыршын кеткені. Бір ұтқаны- ешкімге ұқсамайтын дара жол іздегені. Жалынды жырларын, мұңды жырларын шығарғаны. Оның салған әні, өткір поэзиясы халық жүрегінен мәңгіге орын алды. 

 

Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу