Орманшы ісі атадан балаға мұра болып қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орманшы ісі атадан балаға мұра болып қалған

25.04.2023

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі орман алқабын қорғаумен 250-ге тарта орманшы айналысады. Көбінің бұл салада еңбек етіп жүргеніне жарты ғасырға жуықтаған. Солардың қатарында ел байлығын қызғыштай қорып, молайтуда барын салып жүрген Александр Макаренко да бар.

Алпысты алқымдаған Александр Макаренко өмірін осы салаға арнаған жан. Ол Бурабай орманының тау-тасын, қай маңда қандай аң жорытатынын бес саусағындай жатқа біледі. Тіпті, бұл төңіректе оның табаны тимеген жер аз.

Александр Макаренко, Бармашы орман шаруашылығының инспекторы:

Орман шаруашылығына деген сүйіспеншілікпен махаббат ата-анамнан дарыған. Олар да бұл салада біраз жыл еңбек етті. Мұның барлығын мен де көріп өстім. Бала кезімнен орман десе, ішкен асымды жерге қоятын едім. Сондықтан мамандық таңдаған кезде көп ойланған жоқпын.

Қыстың суығына да, жаздың ыстығына да төзіп жүрген кәсіби орманшының жұмысы қауырт. Қыс мезгілінде жабайы аңдарға жем-шөп тасып, биотехникалық жұмыстармен айналысса, күн жылына бастағанда ағаш отырғызып, орман алқабын тілсіз жаудан қорғайды.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Қазіргі көктем мезгілінде өртке қарсы күрес жұмыстар күшейген. Сондықтан, орманшылар осылайша атқа мініп, орман ішін күндіз-түні аралайды. Өйткені, барлығын әрдайым бақылауда ұстау қажет, дейді олар.

Табиғатпен тілдесіп, тылсым сырын ұғатын Александр Макаренко жабайы аң-құстарға да қамқорлық керек, дейді. Сондықтан аумағы 9 мың гектардан асатын Бармашы орман шаруашылығында он бір науа қойылған. Орманшылар ол жерлерге пішен жинап, сыпыртқы буады. Оған қоса жануарларға қажет қиыршық тұз да әзірлейді.

Болат Әбдірахманов, орманшы-шебер:

Қыс мезгілінде кормушкалардың ішінде бұғаларға, еліктерге тамақ беріп отырамыз. Оның ішінде шөбі бар, сыпыртқысы бар, тұзы бар. Бізде 150 бұға, 60 елік, 40 шақты құс бар. Көктемде келеді, күзде ұшып кетеді.

Кәсіби орманшының адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен және «Бурабай» ұлттық паркі директорның құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталған.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу