Әліпбиді неге ауыстырғымыз келетіні сан мәрте айтылды. Сондықтан, ақша құйсақ та түбі ақталар деген үміт басым. Бірақ, сол ақша тиімді жұмсалып жатыр ма? Қайта-қайта қате әліпби ұсыну біреулердің бизнесіне айналып кеткен жоқ па? Президенттің қай әріпке көңілі толмады? Кезінде Ахмет Байтұрсынов жалғыз өзі жасаған жұмысты қазір жүздеген ғалым жабылып 6 жыл бойы неге істей алмай келеді? Аманкелді Сейтхан зерттеп көрді.
Бұл көштің басталғанына 6 жыл болды. Қазақтың төл дыбыстарын қалай жазуды әлі таппай келеміз. Мысалы, «Ә»-ні басында былай («ae») «диграфпен» белгіледік. Ол мынадай боп кетті деп күлдік (saebiz). Сосын бұл бізге келмейді деп әріптен кейін үтір қойдық. Бұл жерде «Ш»-ны былай жазып, сөзді одан сайын созып, тағы күлдік. (sygys Qazaqstan). Одан соң әріптің төбесіне «акут» салдық (U). Бірақ, біз жіңішке әріпке қойған бұл белгі көп тілде дауыстыны созып айтуға (Чех, Поляк, Мажарстан туларымен dal, vad), ашық буынды сөз бен (Француз туымен сle, armee) омонимдерді жазуға (Испан, Голландия, Норвегия туымен ide - ide) қойылатынын біліп, бас тарттық. Соңында әріптің басына екі нүкте қойдық. Осы нұсқа дұрыстау көрінді. Өйткені, көптеген әлем тілдерінде бұл – жіңішкелік белгісі. (Неміс туымен колн, фин туымен хан, мажар тілімен керул). Бірақ, мәселе әлі өзекті. Ол мына мына сөздің өзінде тұр (LATYNGA KOS).
Латын әліпбиіне көшуді таңба ауыстыру деп түсіндік. Бірден қай дыбысты қай әріппен белгілейміз, соны талқылап кетеміз.
Аман Абасилов, филология ғылымдарының кандидаты:
Қазақ тілінде А. Байтұрсынұлы анықтаған дыбыстарды ғана белгілейтін 28 таңба болу керек.
Бұл латын қарпінің соңғы нұқасы. Екі жыл бұрын ұсынылды. Әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Ал әріп саны – 31. Бірақ кестеде қызылмен белгіленген 4 дыбысқа қатысты дау әлі жалғасып келеді. Бірінші мәселе ағылшынша «H» эйч деген бір әріппен екі бірдей дыбысымыздың таңбалануы. «Хат» дегендегі «х»-мен, «қаһармандағы» «Һ». Екі дыбысты бір әріппен белгілеу қандай заңдылық?
Алтынбек Шәріпбай, техника ғылымдарының докторы, компьютерлік лингвистика саласының маманы:
Бір әріппен белгілейтін дүниежүзінде ешқандай тіл жоқ шығар.
Ғалымдар арасында осы екі әріпке қатысты дау көп. Көбі олар біздің төл дыбыс емес дегенді айтады.
Алтынбек Шәріпбай, техника ғылымдарының докторы, компьютерлік лингвистика саласының маманы:
Қазіргі қазақ тілінің жағдайында «Ф» қолданылып жүр, физика, фотон, «Х», химия, «Ц» деген бар, циркуль, цицерон, цемент, оны қалай лақтырып тастайсың. Оны кез келген қазақ айта алады қазір. Содан кейін тағы бір қағида айтайын, дауыссыз дыбыстар ешқандай емле-ережені бұзбайды.
Демек қазақ тілінің заңдылығына бұл дыбыстардан қауіп аз. Ал ең қауіптісі әрі түсініксізі дауысты «и» және дауыссыз «й»-ды бір әріппен белгілеу. Сонда «Maira»-ны енді Майра дейміз бе, Маира дейміз бе? Ғалымдар cөзінше қазақ тілінде дауысты «и» деген кириллица келгенше мүлде болмаған.
Алтынбек Шәріпбай, техника ғылымдарының докторы, компьютерлік лингвистика саласының маманы:
«И» дыбысы қазақ тілінің ережесіне қайшы. Мысалы егер сөз дауысты дыбысқа аяқталса онда жуан жіңіщкесіне сәйкес «сы», «сі» деп жалғануы керек. Ана-сы, әже-сі, әке-сі. Ал енді мына «и»ды біз дауысты деп тұрмыз ғой. Би, би-і, би-сі болу керек. Ми, ми-сі болу керек, неге ми-ы?
Тыныштық Ермекова, филология ғылымдарының докторы:
Дауыстыдан кейін келсе дауыссыз, дауыссыздан кейін келсе дауысты деп қолдан жасанды ереже жасап алдық. Бұл негізінде дұрыс емес.
Осы кереғар заңдылық «у» дыбысына қатысты да енгізілген. Яғни, қазақ тілінде «у» ешқашан дауысты болмаған. Ол кириллица кіргенде орысша сөздерді сол қалпында айту үшін жасалған.
Алтынбек Шәріпбай, техника ғылымдарының докторы, компьютерлік лингвистика саласының маманы:
Біз фонетикалық тест жинадық. Мысалы, тауы сөзді былайша толқын шығарып отыр. «А» деген дауысты дыбыс, көрдіңіз беамплитудасы. «У» жартылай дауысты екен. Ана «а»-ның әсері бар, «ы» екеуінің ортасында кішкентай дауысы бар, міне компьютерлік ереже. Яғни анау орыстың «у» ы кірсе тау-сы болу керек. Себебі, ол дауысты, мынау дауыссыз.
Әліпбидің қазіргі нұсқасында латынша «u» деген таңбамен қазақша «Ұ», «Ү», және «У» белгіленген. Түрлі диакритикасы бар демесеңіз, бір таңбамен 3 дыбыс. Бұл адамды шатастырады. Сондықтан, «У»-ға бөлек таңба беру керек, ол әліпби жобасына енбей қалған «w» болуы тиіс, дейді ғалым.
Тыныштық Ермекова, филология ғылымдарының докторы:
W-ды біздің дауыссыз У-ға сұранып тұр енді. Ағылшын тілінде де «W» дауыссыз дыбысты таңбалайтын таңба.
Бірақ, әліпбиді жасаған тіл саясаты комитетінің өкілі бізге былай жауап берді.
Ғабит Абзалбек, Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары:
Біз мына кирилл әліпбиін қолданған кезде дауысты «у»ды да, дауыссыз «у» ды да бір таңбамен белгілеп келдік. Қазақ халқы одан шатасқан жоқ. Енді «w» әрпінің өзі оны дауыссыз дыбысқа беру арқылы халықты қайта үйретіп, ол да бір қиындық туғызады.
Демек, пікірталас әлі ұзаққа созылатындай. Ал тағы бір дау «ы»-ға қатысты. «Ы» әрпінің «У» игркпен белгіленуін президент те сынға алған. Ғалымдар болса «У» таңбасымен біз басында сөз еткен қысқа «й»-ді белгілеу керек,-дейді.
Бижомарт Қапалбек, Мемлекеттік тілді дамыту институының директоры:
«У» деген ол қазақты й-і. Тоyota да тұр, toqayev-та тұр ғой.
Алтынбек Шәріпбай, техника ғылымдарының докторы, компьютерлік лингвистика саласының маманы:
Кез келген басқа Еуропаның тілінде «y» «й» краткий. Уай. Дауыссыз дыбысты білдіреді. Мында бізде дауысты, жуан. Мысалы «ы» жуан ешқандай ноқаты жоқ, «і» үстінде нүктесі бар. Ешқандай талас болмайды.
Енді «Ш»-ға келсек. Біз оны «s» естің астына диакритика қойып жазбақпыз. Бірақ, айти мамандарының сөзінше мұндай жағдайда сайттардың атын жаза алмаймыз. Өйткені, олар клавиатурадағы 26 әріппен ғана жазылады. Сонда «Шымкент қаласының сайты» «Сымкент қаласының сайты» болып қалуы мүмкін.
Ғабит Абзалбек, Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары:
Домендерде, жаңағыдай веб-қатарларда жүргізу ол бір мәселе. Бірақ, сонымен ғана шектелмейміз ғой. Енді техникалық тұрғыдан мүмкін болмаса, оны ағылшын тілінде беру қиындық емес.
Сонда ол жерге қайтадан диграфты қолданып, яғни «ш»-ны «sh» деп жазамыз ба? Онда әліпбиді үйрену тіпті қиындамай ма? Міне, осындай сұрақтар ғалымдар мен тіл саясаты комитетінің де басын қатырып тұрғандай.
Тыныштық Ермекова, филология ғылымдарының докторы:
Ортақ түркі әліпбиі деген жоба бар, білесіздер. Бүкіл түркі халықтары бет түзейтін әліпбиі. Бізге Түркиядағы ғалымдар айтып отыр. Біз Қазақстанға алаңдап отырмыз дейді. Егер сіздер әліпбилеріңізді бекітсеңіздер, біз өз әліпбиімізге реформа жасауға дайынбыз.
Бижомарт Қапалбек, Мемлекеттік тілді дамыту институының директоры:
Кеңес кезінде орыс тілі бізге өзінің әлібиін тығып, ішіндегі 9 әріпті өздерің жасап алыңдар деп, сондай қазақ тілінің заңына сәйкес келмейтін әліпби жасап берген. Біз соны әлі пайдаланып келе жатырмыз. Реформа жасау деген сол әріптен құтылу.
Алтынбек Шәріпбай, техника ғылымдарының докторы, компьютерлік лингвистика саласының маманы:
Бұл әдейі бізге жасалып жатқан қастандық сияқты. «Осы латын әрпі өтпей қойсын. Қатеден қате жасай берейік, содан кейін жұрттың бәрі шаршайды, сосын лақтырып тастаймыз» дейтін сияқты.