Экономикалық мәселелерді шұғыл шешу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономикалық мәселелерді шұғыл шешу керек

19.04.2023

Бизнесті дамытып, халықтың табысын арттыру керек. Бүгін әлеуметтік экономикалық мәселелер жөнінде кеңейтілген кеңес өткізген президент осындай тапсырма берді. Алқалы жиынға министрлер мен аймақ басшыларын айтпағанда, аудан әкімдері мен мәслихат депутаттарына дейін қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев оларға шатқаяқтаған экономиканы дамытып, жұрттың тұрмысын арттыру үшін атқарылуы тиіс сегіз бағытты айқындап берді. Былтырдан бері елімізде саяси реформалар жүзеге асты. Референдум өткіздік, президент пен депутаттарды сайлап, Үкіметті қайта жасақтадық. Енді шұғыл түрде әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешу қажет. Себебі халықтың табысы төмендеп, қымбатшылық қысып барады. Мәселен биыл инфляция рекордтық көрсеткіш 21,3 процентке жетті деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады.

Оның үстіне бағаны реттеу, шектеу секілді кеңестік кезеңнен қалған директивті тәсілдер ел дамуын тежеп отыр. Қазақстан нарықтық мемлекет болғандықтан керісінше бизнеске қолдауды арттыру қажет деді Тоқаев. Десе де банктер кәсіпкерлерге арзан несие бергісі келмейді. Есесіне тойға, көлікке, жалақыдан жалақыға дейін ақша сұрайтын халықты ренжітпейді. Мәселен былтыр несие көлемі 30 пайыздай көбейген. Жеті миллиондай адам банкке 14 триллион теңге қарыз. 500 мыңнан астам адам төлемді 90 күннен кешіктіріп жіберген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал. Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады.

Ал кәсіпкерлікті дамыту үшін бәріне теңдей мүмкіндік жасалуы қажет деді президент. Яғни белгілі бір олигархиялық топтардың ғана баюына жол ашатын монополияға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Бұл жаңа экономикалық саясаттың негізі деді президент. Оған елден заңсыз шығарылған активтерді қайтарып, әділдік орнату да кіреді. Айтпақшы заңсыз тапқанын оффшорға жасырып жүрген осындай азаматтарға президент бүгін мынаны айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар.Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз.

Сондай-ақ елді дамытудың тағы бір жолы - экономиканы әртараптандыру. Бірақ бұл тәуелсіздік алғалы айтылып келеді. Енді соны іске асыратын кез келді деді президент. Өйткені экономикамыз әлі күнге дейін мұнайға тәуелді. Ал қазба байлық ерте пе кеш пе сарқылатыны белгілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы әрі стратегиялық міндет. Бірақ ісімізден сөзіміз көп болып тұр. Дереу іске көшпесек, әлемдік бәсекеде озық бола алмаймыз, яғни әлем экономикасында көш соңында қалуымызға тура келеді.

Мұнай демекші, мемлекет басшысы жанармайдың қымбаттауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша бағаны көтермей ұстап тұрсақ өзімізге кесірі тие береді. Яғни көрші елдерде баға қымбат болғандықтан арзан жанармайымыз шекара асып, сонда сатылады. Кейін өзімізде тапшылық болады. Мұның алдын алу үшін бағаны көршілермен теңестіру маңызды. Ендігі міндет соған сай халықтың табысын арттыру. Бұдан бөлек, президент Ұлттық қорға иек арта бермеуді, агроөнеркәсіп кешенін дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көкөніс сақтайтын қоймаларды заман талабына сай етуді және сыртқы саясат тұжырымдамасын жаңғыртуды тапсырды. Өйткені ол мүлдем басқа геосаяси жағдайда қабылданған. Ал қазір бәрі өзгерді деді Тоқаев.

Досжан Маратұлы, тілші:

Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашып, жұртты жұмыспен қамту да маңызды міндет. Президент 2023 жылға қарай 3 миллион 300 мың адам жұмыспен қамтылуы керек деді. Осылайша елді дамытутың сегіз бағытын айқындап берді. Енді депутаттардан бастап министр, әкімдер осы бойынша жұмыс істеуі керек. Әрі тапсырмалар мүлтіксіз, уақтылы іске асуы тиіс. Олай болмаса салдары ауыр болатынын ескертті.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу