Қоқыс төгетін жер жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоқыс төгетін жер жоқ

13.04.2023

Алматыдағы Бостандық ауданының 1000-нан астам тұрғыны, қоқысты қайда төгетіндерін білмей дал. Айтуларынша, өздеріне тиесілі жерді әлдекім жекешелендіріп, аумақты қоршап алған. Жер телімінен қағылған бұқара-- Ұлттық арнадан көмек сұрады. Мәселенің мән-жайын әріптесім Нұрсұлтан Тілектес анықтады.

Бұл – Бостандық ауданына қарасты Достық, Таң, Мамыр және Алма бау-бақша серіктестіктерінің тұрғындары. Тұрмыстық қалдықтар тастайтын жер болмағандықтан, көшелерді аралап, жәшік іздеп кетеміз дейді.

Ерболат Ахметов, тұрғын:

Үйдің қалдықтарын шығаратын бізде қазір жер жоқ. Кімнің машинасы бар, кімнің көлігі бар қай жерден кездесеміз сол жерде тастап кетеміз. Пакетпен жүр халықтың бәрі. 

Тұрғындардың меншігінде қоқыс тастауға арналған және басқа да мақсаттағы 6 сотық жер болған. Олар оны заңдастыру мақсатында 2006 жылы пәтер иелері кооперативінің төрағасына сеніп тапсырады. Тұрғындардың сөзінше, ол учаскені күйеу баласының атына рәсімдеген. Енді қайтарудан бас тартып отыр.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Міне, көріп тұрғандарыңыздай учаскенің жан-жағы мықтап қоршалған. Мұнда кіріп-шығу мүмкін емес. Дәл мына қоршаудың артында елдімекенге тиесілі зират бар. Тұрғындар ең болмағанда, сол зиратқа өтетін жол ашып беруін талап етіп отыр.

Зират «Достық» бау-бақша серіктестігінде орналасқанымен, онда көршілес жатқан бірнеше елдімекен тұрғындарының жақындары жерленген.

Болат Бірсүгүров, тұрғын:

Апаларым жатыр, әкемнің ағалары жатыр. Соғыс ардагерлері бәрі. Біздің тоғыз атамыз жатыр осы бейітте. Бейіттің сыртын тазалауға жол жоқ. Бұл не масқара?!

Тұрғындар өздеріне тиесілі жер телімін қайтару мақсатында былтыр аудандық және қалалық сотқа арыз жазып, сот отырысы өткен. Бірақ, талаптары қанағаттандырылмаған. Жұрттың базынасын тыңдауға келген Бостандық ауданының әкімі мәселеге қатысты жауап беруден бас тартты.

Ал, аудан әкімі аппаратының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы учаскені қайтару қиынға соғады деп отыр. Дегенмен, зиратқа апаратын жол ашып береміз деп сендірді.

Әділет Әліпбеков, Бостандық ауданы әкімі аппаратының ТҮКШ бөлім басшысы:

Жер инспекциясымен, жер басқармасымен бірлесе отырып, орнын анықтап, қанша көлем екенін анықтаймыз. Сұрақты оңды шешуге септігімізді тигіземіз. Тек шет жағынан ені бір метр ашылса, әрі қарай өтуге жер бар.

Жергілікті халыққа қоқыс төгетін орын бекітіледі. Ал, 6 сотық жердің қазіргі иесі учаскені 60 млн теңгеге бағалап отыр. Тұрғындар ондай қаражатты жинай алмаймыз дейді. Сондықтан алдағы уақытта Жоғарғы сотқа арызданбақшы.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу