Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымын 30 млрд долларға жеткізу жоспарда бар. Былтыр бұл көрсеткіш рекордтық 28 млрд доллардан асқан. Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей Федерациясына ресми сапармен барды. Ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесіп, ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Өңіраралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылды нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту өзекті. Сонымен қатар түрлі салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сапар барысында Қазақстан мен Ресей Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-сыртқы істер министрі:
Алдағы күзде Қостанай қаласында Қазақстан-Ресей өңіраралық форумын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жиынға дайындық барысы пысықталды. Сонымен қатар білім, ғылым, мәдени-гуманиталық салаларындағы әріптестік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл орайда іргелі жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жобасы да сәтті жүзеге асырылуда.
Индира Бегайдар