Қазақстан мен Әзербайжан арасында сауда-экономикалық байланыс артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Әзербайжан арасында сауда-экономикалық байланыс артады

10.04.2023

Миллиардтық меже. Қазақстан мен Әзербайжан арасында сауда-экономикалық байланыс артады. Бүгін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астанаға ұшып келді.Екі ел басшылары бірнеше келіссөздерге қатысып, маңызды құжаттарға қол қойды. Енді елдер арасында жоғары мемлекетаралық кеңес құрылмақ. Қазақ пен Әзербайжан байланысының әлемдік нарықта рөлі зор. Әсіресе қазіргі геосаяси жағдай тұсында ықпалдасу аса маңызды. Екі ел Азия мен Еуропа арасындағы көпір. Сондықтан бүгінгі шараға көп ел көз тігіп отыр. Бұл Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевтің ресми сапары. Жоғары деңгейдегі кездесу. Құрмет қарауылы. Қасым Жомарт Тоқаев Президент болғалы Ильхам Әлиевтің алғашқы ресми сапары. Оның үстіне Әзербайжан бізге жат емес. Бауырлас. Стратегиялық серіктес. Ынтымақтастық алда тағы артады. Екі ел басшылары алдымен экономикалық, сауда-саттық салаларын серпілтуді екеуара пысықтап алды. Өйткені, сауда-экономикалық байланыс енді ғана қарқын алып келеді. Осыдан 3 жыл бұрынғы тауар айналымы 300 млн доллар айналасында ғана еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әзербайжан мен Қазақстан – бауырлас әрі достас мемлекеттер. Біздің тарапымыздан сауда-экономика және инвестиция салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдар аясындағы саяси қарым-қатынасты дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Біз Кавказ аймағында жетекші рөл атқаратын Әзербайжан мемлекетімен экономикалық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Біздің арамызда ешқандай мәселе жоқ. Тек қана осы бағытта алға ілгерілеуге деген ниет қана бар.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:

Өзіңіз айтқандай, біздің елдеріміздің бір-біріне деген бауырластық ниеті шынайы. Бұл – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жақсы негіз. Ынтымақтастық бағыттарына келетін болсақ, оларды санамалауға біраз уақыт кетеді. Өйткені ол қоғамның барлық саласын қамтиды. Әрине, қазіргі жағдайда сауда-экономикалық және инвестициялық жобалар, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымға қатысты жобалар басымдыққа ие.

Қазақ пен әзербайжан арасын Каспий ғана бөліп тұр. Екі елді біріктіріп отырған да осы айдын. Сауда-саттықтың дені, алыс-берістің көбі дәл осы теңіз арқылы жасалып жатыр. Өзара тауар айналымы қазір жарты млрд долларға жуықтады. Бұл көрсеткішті еселеп арттыру міндеті тұр. Тараптар кеңейтілген отырыста да осы мәселені жан-жақты қаузады. Ендігі бағыт – миллиардтық меже. Қасым-Жомарт Тоқаев оған жету үшін қай салаларға басымдық беру керегін де айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың айтарлықтай ілгерілеп келе жатқанына көңіл толатынын айтқым келеді. Бүгін атап өткеніміздей, тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жетті. Бұл үлкен нәтиже деп ойлаймын. Экономикалық әлеуетіміз толық пайдалана отырып, бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізетінімізге сенімдімін. Бұл үшін бізде энергетика, көлік, логистика, IT, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тағы басқа салаларда айтарлықтай резервтер бар.

Қатынастардың локомотиві - көлік-логистика. Екі жақтың да транзиттік әлеуеті зор. Қос мемлекет те Еуропа-Азия бағытындағы жүк тасымалдауда маңызды рөлге ие. Екі ел басшыларының бүгінгі кездесуі транскаспий бағдарына серпін береді деп отыр сарапшылар.

Гайдар Әбдікерімов – «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» халықаралық қауымдастығының бас хатшысы:

Біз әр жыл бойынша 20-30 пайызға өсіп отырдық. Әрқашан контейнерлік тасмалдар бойынша, былтыр біз 33 пайызға өсті контейнер тасмалдары бойынша. Ал, мынау вагон тасмалдары бойынша 2,5 есеге өсті. Екі жарым өсті деген сөз 561 мың тонна өтетін болса былтыр біз 1 миллион 407 мың тонна жүк тасмалдадық. Соның ішінде Қазақстанның экспорты 7 есеге өсті.

Қазір Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр. Жұмыс қарқынды. Бұл мәселені екі ел басшысы да тікелей бақылауында ұстап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жобаның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, оның дер кезінде іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырдық. Сонымен қатар, әзірбайжандық серіктестерге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ IT-стартаптар үшін қазақстандық платформаларды пайдалану ұсынылады. Қаржылық ынтымақтастық саласында да үлкен артта қалу бар.

Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін де арттыру түсу керек деді Президент. Әсіресе, логистикалық қызметтерді жетілдіру, бірыңғай көлік операторларын құру, техникалық және тарифтік шарттарды жаңғырту, кедергілерді жою мәселелеріне басымдық берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Орта дәлізді дамытудың 2022-2027 жылдарға арналған Жол картасын тиімді жүзеге асырудың да маңызы зор. Біз бұл бағытқа қызығушылықтың артқанын барынша пайдалану керекпіз және оның инфрақұрылымын дамытуға үшінші елдерді тарту маңызды деп келістік. Осы шаралардың барлығы Шығыс-Батыс бағыты бойынша жүктерді жеткізудің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

Бауырлас елдер арасында мәдени байланыс та артып келеді. Биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Физули қаласында Құрманғазы атындағы орталық салынып жатыр. Сондай-ақ, биыл Әзербайжанның көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің 100 жылдығы. Осыған орай Қазақстанда бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін Гейдар Әлиев туралы әзірленген «Ғазиз ғұмыр» деректі фильмінің таныстырылымы өтеді. Оны «Қазақстан» телерадиокорпорациясы біздің тапсырмамыз бойынша түсірді.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:

Гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың айрықша маңызды екенін айта кеткім келеді. Қазақстанның Әзербайжандағы, сондай-ақ Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы елдерімізді одан әрі жақындата түсіп, халықтарымыздың терең тарихы мен бай мәдениетін паш етеді. Біздің ойымызша, мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың негізі – осы гуманитарлық сала. Әрине, екі тараптың да мүддесіне сай салалар аз емес. Біз, шын мәнінде, өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатырмыз.

Жалпы, екі ел арасында ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасқан. Бүгін де 6 құжат бекіді. Сүбелісі – жоғары мемлекетаралық кеңес құру құру туралы хаттама. Бұл ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасына тың серпін беріп, екіжақты қатынастардың дамуына зор үлес қосады деді Президент.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу