«Қара тізімге» енген азаматтар енді ұшақпен ұша алмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қара тізімге» енген азаматтар енді ұшақпен ұша алмайды

08.04.2023

«Қара тізімге» енген азаматтар енді ұшақпен ұша алмайды. «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заң күшіне енді. Құжат әуе компаниясының жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Жалпақ тілмен айтқанда, жолаушыларды діттеген жеріне уақытылы, дін аман жеткізу міндеттеледі. Заңда тағы қандай өзгеріс бар? Ұшақ билеттерін қалай төмен бағада алуға болады? «Біле жүріңіз» айдарында Асылбек Данияр тарқатып айтады.

Жолаушыларды мезі қылған басты проблема – әуе рейсінің кешігуі. Кейбір кезде тіпті, мүлдем ұшпай қалатын кездері болып тұрады.

Мұндай жағдайда әуе компаниясы өкілдері де тұщымды жауап бермей жатады. СМС хабарлама келмеді деп шағымданатындар да көп. Заңға «рейс мәртебесін өзгерту» ұғымы енгізілді.

Бұдан бұлай, жолаушының жеке телефон нөмірі мен электронды поштасына рейстің кешігуі туралы хабарлама келеді. Бұған дейін мұндай жұмыс ерікті түрде жүргізіліп келді. Яғни, билет алу кезінде ақылы негізде. Бірақ, жекелеген компаниялар бұл тәжірибені мүлдем ұстанбаған.

Сонымен бірге, әуе компаниялары рейс мәртебесінің өзгеруіне байланысты ұсынылатын қызметтер тізбесі жөнінде де ақпараттандыруға міндетті. Осыған байланысты еліміздің авиациялық билігі жолаушылардан билеттерді сатып алу кезінде жеке байланыс мәліметтерін көрсетуін сұрайды.

Бұған дейін ыстық тамақ ұсыну, қонақ үймен қамтамасыз ету және оған барып қайту қызметтері рейс кешіктірілген немесе тоқтатылған жағдайда ғана беріліп келген. Енді тасымалдаушылар рейстің ұшып келу уақытына немесе бағытына әсер ететін кез келген өзгерістер кезінде ұсынуға міндетті.

Егер жолаушы әуе компаниясы қызметін пайдалануға шектеу қойылған тұлғалардың тізімінде болса, тасымалдаушы рейсті тоқтатуға құқылы. Бұл норма «қара тізімдегі» деструктивті жолаушыларға байланысты енгізіліп отыр. Ол дегеніміз әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағандар «қара тізімге» енуі мүмкін.

Тасымалдаушы ұйымның кесірінен рейс мәртебесі өзгерген жағдайда, тиісті қызметтерді көрсетеді. Оған қоса әр сағатына 3% мөлшерінде айыппұл төлейді. Рейстің мәртебесі 5 сағаттан соң өзгерсе билет құнын толық қайтарылады немесе тегін қайта брондай алады. Бұған дейін ол 10 сағат болса, қазір 5 сағатқа дейін қысқарды. Ұшақ билеттерін сапардан 1-2 ай бұрын алсаңыз, бағасы арзан болады. Мысалы, сапарды маусым айына жоспарласаңыз, билетті қазірден бастап іздей берген жөн.

Ұшаққа билет алғанда тәулік уақытын да есепке алу керек. Арзан билеттер таңертең ерте немесе түннің бір уағындағы рейтерде болады. Бұл кезде сұраныс аз — баға төмендеу. Сапарыңызды сенбі-жексенбі күні барғыңыз келген қалаңызда/еліңізде болатындай етіп жоспарлаңыз. Билет сатып алу үшін сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері тиімді деп саналады. Ал билетті жұмадан өзге күндері брондай беруге болады. Тағы бір кеңес: ұшақ билеттерінің бағасы секунд сайын құбылып тұрады. Күн сайын қандай да бір авиакомпания билеттеріне жеңілдік жариялайды. Солардан хабардар болып отыру үшін онлайн кассалардың арнайы ұсыныстарына жазылып алу да артық болмайды.

Сондай-ақ бару-қайту билетін бірден алу да қалатаңызға түсетін салмақты жеңілдете түседі. Қысқа-нұсқа осы. Ұсынған дерегіміз қажетіңізге жарасын.


Хабарламаларға жазылу