Атыраудағы Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты әлі өртеніп жатыр. Жауаптылардың 4 күннен бері қызыл жалынды ауыздықтай алмауына не себеп?!
Атыраудағы ерекше қорғалатын Ақжайық мемлекеттік табиғи қорығындағы өрті әлі сөндірілген жоқ. Техниканың тапшылығы жағдайды ушықтырып тұр. Соның салдарынан төтенше жағдайлар департаменті мен резерват қызметкерлері 3-ші тәулік қызыл жалынмен арпалысып жатыр.
Жандос Темірғали, тілші:
Біз қазір Дамба ауылының тұсындағы «Ақжайық» мемлекеттік резерватының ерекше қорғалатын аймағында тұрмыз. Өрт ошағы шамамен бұл жерден 20 шақырым қашықта орналасқан. Оқиға орнына жету мүмкін емес. Өздеріңіз көріп тұрғандай қалың жыңғыл мен әр жерде бөгет. Соңғы ақпарат бойынша өрт сөндірушілер 4 гектар аумақтағы қызыл жалынмен күресіп жатыр. 86 гектар жердегі қамыс күлге айналған.
Өрт ошағы деп белгіленген Каспий жағалауындағы ми батпақ аумаққа жолсызбен бара алатын заманауи техника тапшы. Құрал-жабдықтың осалдығы тағы бар. Сондықтан, қазыл жалынды қолмен сабалап өшіруден басқа амал жоқ. Тілсіз жаумен 70 шақты адам күресіп жатыр. Қ ою түтін мен ыс, іргедегі ауылдар мен қала тұрғындарына жайсыз тиіп тұр.
Бірнеше күнге созылған өрт әсіресе денсаулығы нашар адамдар үшін ауыр тиіп тұр.
Гүлжанат Шәріпова, Дамба дәрігерлік амбулаториясының директоры:
Әлсіздіктерін айтты. Бастарының қатты ауырып тұрғандығы. Сосын асқазанның тұсы ауырғаны. Жүрек айнуы болды. Сосын қатты жөтел қысып, сонымен шағымданды.
Төтенше жағдайлар департаментінің техникамен жарақтандырылуы небәрі 45 пайызды құрайды. Әлі 214 техника керек. Бірақ қол қысқа.
Байдәулет Жарылғасынов, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
Біздерге кедергі болып отырған қазіргі уақытта құрал-жабдықтар сатып алу бойынша ол қазақстанда өндірілуі керек болып тұр. Мысалы Трекол автокөлігін біздер ала алмай отырмыз. Не десеңіз ол Россияда өндірілгендіктен біздер сатып ала алмай отырмыз.
Біздегі екі тік ұшақ та жарамсыз. Сондықтан Маңғыстаудан алдыртуға тура келді. Мамандар осы тікұшақтың арқасында табиғи қорықты аман алып қалуға үмітті. Былтыр өңірде 5 орман өрті тіркеліп, 1860 гектар жер жанып кетті. Егер техника сақадай сай болғанда, мыңдаған гектар аумақ тілсіз жаудан аман қалар еді.
Жандос Темірғали