Мәжілісте қай саланың мамандары басым? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте қай саланың мамандары басым?

02.04.2023

Парламент сайлауынан кейін үкіметтің отставкаға кетуі - заң талабы. Халық мұның формальды түрде өтпеуін қалады. Дегенмен, премьер лауазымына Әлихан Смайылов қайта тағайындалды. Жұртты жұбатқаны бұрынғыдай «бірауыздан қолдау» болмағаны сияқты. Отырысқа қатысқан 97 депутаттың 7-уі қарсы шықса, 8-і қалыс қалды. Кандидат ұсыну сайлауда басым дауыс жинаған «Аманат» партиясына бұйырғаны белгілі.

Ал Смайыловтың кандидатурасын қолдамаған ЖСДП фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев былай деген: «Біз 20 жыл билікке оппозицияда жүріп, халқымыздың әл-ауқатының төмендеуіне Үкіметтің әлсіз әлеуметтік саясаты екендігіне көзіміз жетті. Ал енді бүгін аманаттықтар өз көпшілігін көрсетіп, ұсыныс беріп отыр. Әрине, парламенттік оппозиция ретінде біз ұсынысқа қарсымыз».

«Парламенттік оппозиция» демекші, осы рөлді атқарамын деген бірнеше депутат бар.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Менің бағытым, мақсатым, мұратым, мүддем – бұрын қалай болды, солай қалады. –Парламенттегі оппозиционер боласыз ба, сонда? – Парламенттің ішінде өзіміз оппозициялық топ құрып, бір халықтық мүдде жолында жұмыс істейміз деген ойдамын.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазір, мысалы, «Аманат», біздің әріптестеріміз бір заң көтеріп жатса, ол халықтың мүддесін қорғайтын заң болса, біз оппозиция деп саналатындықтан, оған қарсы шықсақ, ол халыққа қарсы шыққанмен бірдей емес пе?!

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Менің Парламентке келуім – бұл ең біріншіден олигархтар мен сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан шенеуніктерге үлкен соққы. Сондықтан депутаттық мандатты қолданып, үлкен соққы береміз.

Былтырғы қаңтардан бері олигополия, олигархиямен күрес –күн тәртібіндегі өзекті тақырып. Бір жылда 3 Қайрат ұсталып, ел әжептеуір елең еткен еді. Сатыбалды 6 жылға түрмеге қамалса, Құдайберген Мәслихат депутаты мандатынан айырылды. Танымал кәсіпкер бойынша әзірге сот үкімі шықпады. Есесіне, осы аптада Қайрат Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айрылды. Астана қаласының № 2 Сарыарқа аудандық соты Боранбаевтың Алматыдағы жер телімін, банктегі 1 млрд 270 млн теңгесін, екі банк шотындағы 2 млрд 847 млн теңгесін тәркілеу туралы үкім кескен. Кәсіпкерге "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденді" және "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқыруға атсалысты" деген айып тағылған.

Бұл іс бойынша «АзияГазШонжы» құрылтайшыларының бірі Роман Наханов пен Qazaq Gaz компаниясы төрағасының орынбасары Тайыр Жанұзаққа да 8 жылға сотталды.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу