Мемлекет басшысы бүгін бірқатар төлемдерді де көбейту қажеттігін айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы бүгін бірқатар төлемдерді де көбейту қажеттігін айтты

29.03.2023

Мемлекет басшысы бүгін бірқатар төлемдерді де көбейту қажеттігін айтты. Шын мұқтаж адамдарға көмек көрсету жұмысы жүйелі түрде жалғасады. Парламент қабырғасында мұғалімдер мен дәрігерлерге қатысты да маңызды мәлімдеме жасалды.

Әлеуметтік салаға биыл бюджеттің 40 пайызға жуығы, яғни 8,5 трлн теңге бөлініп отыр. Әсіресе ана мен баланы қорғау мен қолдау жұмысына ден қойылған. Президент бүгін ерекше қажетттілігі бар адамдарға арнайы тоқталды. Елімізде 700 мыңнан астам мүгедек азамат бар. Мемлекет басшысының сөзінше олардың күтушілеріне де қолдауды күшейту керек. Асыраушысынан айырылғандар да назардан тыс қалмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс.

Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер саны ресми дерек бойынша 300 мыңнан асады. Президент оларға айрықша көңіл бөліп, арнайы төлем мәселесін қарастыруды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы сөз қозғап, жаңа депутаттарға заңды пысықтау қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлу қажет. Олардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс. Осыған қатысты арнайы заң жобасы Парламентте бір жылға жуық талқыланды.

Ал, мұғалім мәртебесі заң жүзінде бекіді. Ендігі мәселе мектепке білімді де білікті маманды тарту. Мұғалім тапшылығын желеу етіп, кез-келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды дейді президент. Осы ретте директорлар мен орынбасарларын іріктеп, дайындау үшін арнайы бағдарлама әзірленеді. Ол президенттік жастар кадр резервінің тәжірибесіне сүйенбек. Білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтеді.

Гүлшара Шайхина, мұғалім:

Президентіміздің алға қойған мақсаттарының бірі – саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін сапалы білім беру керек дейді. Ұстаздардың сапалы білім беруі оның жан-жақты білімінде, ізденісте болуы.

Абай Дулатбеков, мұғалім:

Әртүрлі біліктілік курстарына қатысамыз. Мұның барлығы ұстаздардың білікті, білімді болуына, оқушылардың тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік ашады.Әртүрлі біліктілік курстарына қатысамыз. Мұның барлығы ұстаздардың білікті, білімді болуына, оқушылардың тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік ашады.

Саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту да маңызды. Елімізде 43 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Бірақ қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз дейді президент. Сол үшін бұл салаға меценаттардың әлеуетін пайдалану қажет деді. Елеулі үлес қосқан азаматтар мемлекеттік сыйлықпен марапатталады. Ал үкімет пен әкімдік бұған барынша қолайлы жағдай жасауы керек.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу