Ақмола облысында үш ауылға баратын жолды су шайып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында үш ауылға баратын жолды су шайып кетті

29.03.2023

Ақмола облысының Зеренді ауданында 3 ауылға баратын жолды қарғын суы шайып кетті. Салдарынан тұрғындар облыс орталығына жете алмай отыр. Ақадыр ауылында бес жүзден астам адам тұрады. Көбі облыс орталығында еңбек етеді. Бірақ олар үш күн бойы жұмысқа бара алмай отыр. Себебі елдімекенге апаратын жалғыз жолды су шайып кеткен.

Сымбат Хайбарұлы, ауыл тұрғыны:

Жұмыстан қалып қойсақ әкімдік айтады, келіп бізге справка алындар дейді. Мен өзім бір жерде заправкада істеймін. Мысалы, мен күндік жалақым 12 мың теңге. Справка алып келдін деп бізге ол ақшаны бермейді ғой. Бір рет қаламыз, екі рет қаламыз, үшінші рет апарамыз. Одан кейбірі жұмыстан шығып қалып жатыр. Өте қиын жағдай болып жатыр.

Кеше ауылдың маңыңда сел жүріп өткен. Қазір жағдай тұрақталғанымен қауіп әлі де бар. Қарғын су шайып кеткен жолды қалпына келтіру үшін бір ғана техника жұмылдырылған. Оның өзі бүгін ғана іске кірісіпті.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Жергілікті билік облыс орталығына баратын мына жалғыз жолға құм төсеп тастаған. Алайда, тұрғындар тағы да су деңгейі көтерілсе, барлығын қайтадан шайып кетеді дейді. Тіпті, ауылда су тасқының алдын алу шаралары да жүргізілмепті. Тұрғындар мына су өткізу құбырларының барлығын өздері тазалаған. Зеренді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы тиісті шара қабылдап жатырмыз деп отыр. Ақадыр, Ұялы, Первомаевка ауылына апаратын жол көп ұзамай қалпына келтіріледі деп сендірді.

Бақтияр Ақтанов, Зеренді аудандық тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Қазіргі уақытта қарғын су шайып кеткен жолдарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 7 техника жұмылдырылды. Жақын арада барлығын дұрыстаймыз. Қазір бұл елдімекендермен арадағы қатынас қалпына келтіріліп жатыр.

Ауыл маңындағы қалың қар қыс бойы шығарылмапты. Тұрғындар соған да үрейленіп отыр. Қар ерісе үйімізге су кіруі мүмкін дейді.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу