Түркістан облысындағы Тасқұдық ауылы таза суға да, жарыққа да жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы Тасқұдық ауылы таза суға да, жарыққа да жарымай отыр

27.03.2023

Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Тасқұдық ауылы таза суға да, жарыққа да жарымай отыр. Елдімекенде электр бағаналары әбден тозғандықтан, екі күннің бірінде жарық өшеді. Ауылға келетін жалғыз көпір де қирап тұр. Өркениеттен қол үзген ауылдың бүгінгі ахуалын Айнұр Ақбаева көріп келді.

Тасқұдық ауылы Сарыағаш қаласынан жүз шақырымдай қашықта орналасқан. 400-ге тарта адам тұрады. Алайда мұндағы жұрт елдімекенге жылдар бойы көңіл бөлінбей отыр деп өкпелі. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары тартылған электр желілер әбден тозған. Қас қарая тұтас ауыл қараңғылық құшағында қалады.

Әсілбек Балқыбеков, Тасқұдық ауылының тұрғыны:

Жел тұрса, жарық өшеді. Барлығы ескіріп, тозығы жеткен. Сондывқтан көп өшеді. Одан кейін сол өшуіне байланысты холодильник телевизорларымыз да көбірек күйеді. Суымыз да светпен байланысты. Свет өшкен уақытта суымыз да істемейді, судан тарығамыз.

Ауылішілік және ауданға қатынайтын қара жол да жүргізушілердің жүйкесін жұқартып біткен. Ауылға кіре берістегі асарлатып салған жалғыз көпірді су шайып, көлік әрең өтетін болған. Бәрінен де кенезесі кепкен жұрт ауыз суға зәру.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Жер астынан шығатын су мына 25 тонналық бөшкеге жиналады. Оның өзі тұзды су. Соған қарамастан ауыл тұрғындары да, қорадағы мал да осы суды ішеді. 

Тасқұдықта интернеттің жәйі де мәз емес. Өйткені байланыс операторы сапасыз құрылғы орнатып кеткен. Тек сөйлесуге ғана жарап тұр дейді жергілікті халық. Соған қарамастан бұл ауыл ғаламтормен қамтылған едімекендердің тізіміне енген.

Мұрат Қожабеков, Тасқұдық ауылының тұрғыны:

Көрші ауылдардан интернет тартады, сонымен жұмыс істейміз ғой.

Интернет құрылғысын орнатқан компанияға айыппұл салынып, басқасын орнату тапсырылыпты. Жаңа құрылғының қашан келетіні белгісіз. Таза судың да биыл берілетін түрі жоқ.

Зайырбек Мәліков, Әлімтау ауылдық округінің әкімі:

Жерасты су қоры зерттелмей, ауызсу кіргізілмейді. Ол проектісі биыл дайын болады да, жоспар бойынша келесі жылы қазылады деп күтілуде. Зерттеледі, зерттелгеннен кейін арғы жағында өзінің уақыты бар. Сол уақытына байланысты су жүргізілетін болады.

Жол жөндеп, жаңа көпір салу үшін қаржы тапшы. Ескірген электр желілерін де жаңартамыз деп уәде берген ешкім жоқ. Мәселе шешілмесе, қалаға үдере көшкен жастардың қатары көбейеді деп алаңдайды көпшілік.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу