ОСК: Дауыс беру күні 42 адам құқық бұзған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОСК: Дауыс беру күні 42 адам құқық бұзған

27.03.2023

Парламент мәжілісіне алты партия өтті. Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың қорытындысын жариялады. Саяси ұйымдарға бөлінген мандат саны да белгілі. Бұдан бөлек, комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров дауыс беру күні 42 адамның құқық бұзғанын хабарлады. Толығырақ әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

Асылбек Данияр, тілші:

Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлаудың ресми қорытындысы мынадай: саяси науқан күні дауыс беруге құқылы 12 миллионнан аса электораттың тең жартысы таңдау жасаған. Оның ішінде сайлаушылар «Ақ жол» партиясына 8,41, «Amanat» партиясына 53,9, «Ауыл» партиясына 10,9, «Жалпыұлттық социал демократиялық» партиясына 5,2 пайызы дауыс берген. Ал «Байтақ» партиясы ең аз дауыс жинаған. Оған респонденттердің 2,3 пайызы ғана дауыс беріпті. Сондай-ақ, Қазақстан халық партиясы 6,8 пайызы, «Respulica» партиясы 8,59 пайызы дауыс жинаған. Ал «бәріне қарсымын» деген нұсқаны 248 291 адам, яғни сайлаушылардың 3,9 пайызы таңдаған.

Бұдан бөлек, мажоритарлық жүйемен сайланған депутаттардың да есімі белігілі. Конституцияға сәйкес, олар сайлауалды бағдарламасында көрсетілген уәдесін орындай алмаса сайлаушылардың шешімімен орнын босатады.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Бірінші жылы ондай мандатты алуға болмайды. Өйткені ол жаңадан келген адам. Бәлкім, бірінші жылы әлі үйренген жоқ. Проблемаларды шешу жолын білмейді, тәжірибесі шамалы. Сондықтан бірінші жылы ондай мандат алынбайды және соңғы жылы алынбайды.

Мәжіліс депутаттары сайлауына мажоритарлық жүйемен қатысқан 370 кандидаттың 104-не сайлау жарнасын қайтарады. Комиссия мүшесі Сәбила Мұстафинаның айтуынша, қалған 266 адам белгіленген 5 пайыз дауысты жинай алмаған.

Сәбила Мұстафина, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Бірден айтайын, сайлау жарнасы екі партияға да қайтарылады: «Жалпыұлттық социал-демократиялық» және «Respublica» партиясына. «Байтақ» белгіленген межеге жете алмады. Қалған партиялар сайлау жарнасын төлеген жоқ.

Дауыс беру күні сайлау заңнамасын бұзған сайлау комиссиясының 19 мүшесі жұмыстан шеттетілген. Ал, Бас прокуратура ұсынған ақпаратқа сай, сайлау кезінде 42 адам құқық бұзушылық жасап, әкімшілік жауапқа тартылған. Оның ішінде жеті учаскелік комиссия мүшесіне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынған. 18 учаскелік комиссия мүшесіне 110-бап бойынша жауапқа тартылған.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу