Таңдау жасауға келген азаматтарға 5 бюллетень беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таңдау жасауға келген азаматтарға 5 бюллетень беріледі

19.03.2023

Иә, енді сайлаушылар назарына дауыс беру парақшалары туралы ақпарат берсек. Жалпы биыл таңдау жасауға келген азаматтарға 5 бюллетень беріледі. Тұрғындар шатаспас үшін бюллетендердің түсі әртүрлі болады. Астана, Алматы, Шымкент қаласының тұрғындарына төрт түрлі бюллетень. Ал, облыстардағы электоратқа бес бюллетеннен беріледі. Өйткені, кейбір өңірлерде қалалық және аудандық мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр. Сонымен бірінші көгілдір түсті дауыс беру парақшасы. Онда жеребеде нақтыланған тәртіппен саяси партиялардың атауы және «бәріне қарсымын» бағаны көрсетіледі.Екіншісі – жасыл түсті бюллетень. Онда бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың тізімі болады. Үміткерлердің аты-жөні әліпби тәртібімен орналастырылады. Үшіншісі – қызылкүрең сайлау парақшасы. Мұнда мәслихат депутаттығына түсетін партиялар тізімі көрсетілген. Төртіншісі - Қызғылт сары түсті бюллетент. Ол бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын мәслихат депутаттығына кандидаттар тізімі бар парақша. Бесіншісі – сұр түсті сайлау парақшасы. Ол тек облыстық маңызы бар қалалар мен аудан тұрғындарына беріледі. Бюллетеньде жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттар тізімі мен «бәріне қарсымын» бағанасы бар.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу