Ақтөбе облысының Қобда ауданында 50-ден астам тұрғын үйді су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының Қобда ауданында 50-ден астам тұрғын үйді су басты

15.03.2023

Ақтөбе облысының Қобда ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Аудан орталығында суға кеткен үй саны соңғы деректер бойынша 51-ге жеткен. Осы өңірдегі меншікті тілшіміз Жақсыбек Кемал тікелей байланыста. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Дархан, қазір Қобда ауылының тұрғындары тұрмыстық техника мен өзге де заттарын қауіпсіз жерге шығарып жатыр. Бұған дейін жиналған қар суын ойға қарай ағызып жіберу үшін Самара-Шымкент тас жолы жырылған еді. Кеше кешкілік бұл жол учаскесі қайта ашылды. Жалпы, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қарғын сумен екінші тәулік күресіп жатыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ауылдағы бірнеше әлеуметтік және кәсіпкерлік нысан да су ортасында қалған. 100-ге жуық адам эвакуацияланған. Қазір олардың бәрі туған-туысының үйінде.
Шығын көлемі әзір белгісіз. Өйткені мамандар судың беті толық қайтқан соң ғана есептеуге кіріседі. Дегенмен, көмек міндетті түрде көрсетіледі. Мұны тұрғындармен кездескен облыс әкімі де айтты. Ол үшін арнайы комиссия құрылды.



Хабарламаларға жазылу