Ақтөбе облысы Қобда ауылында 15 тұрғын үй мен 40-тан аса аула суға кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысы Қобда ауылында 15 тұрғын үй мен 40-тан аса аула суға кетті

14.03.2023

Ақтөбе облысының Қобда ауылында 15 тұрғын үй мен 40-тан аса аула суға кетті. Өткен түнде 60-қа жуық адам эвакуацияланып, аудандық аурухана мен спорт мектебіне орналастырылды. Сондай-ақ, бірнеше әлеуметтік нысанға да су кірген.Аудандағы ахуалды Жақсыбек Кемал өз көзімен көріп келді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Мына аумақтағы үйлердің барлығы қарғын судың ортасында қалған. Төменіректе тіпті,су белуардан келеді. Көптеген үйдің қабырғасы жарылған, қоралар мен сарайлар құлап жатыр.

Қырдағы қар суы ауыл ішіне кеше кешкілік лап қойған. Судың тереңдіген аттылы адамның өте алмағанын-ақ көруге болады. Ал, ауыл шетінде орналасқан екі көшенің тұрғындары тек құжаттарын алып үлгеріпті. Қазір тұрғындар үйлерін тек алыстан бақылап жүр.

Тіршілік Аятханұлы, ауыл тұрғыны:

Ендігі үйдің іші суға толған шығар деп тұрмын. Жақындай алмай тұрмын. Бер жағындағы сарайларды қарап тұрмын, бәрі құлап жатыр. Енді саманнан салынған заттар ғой.

Аудан орталығына Ақтөбеден арнайы техникалар мен мамандар жіберілді. Қауіпті сейілту үшін «Самара - Шымкент» тас жолын жыруға тура келді. Салдарынан «Шұбарқұдық – Ойыл – Қобда – Соль - Илецк» бағытындағы жол учаскесі уақытша жабылды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Мына аулаларға кірген судың деңгейі метрден асады.Бұл жерге жай резеңке етікпен кіру мүмкін емес. Кешелі бері су бірнеше сантиметрге ғана түскен.

Құтарушылар түнімен бұл аумақтан екіжүздей малды қауіпсіз жерге шығарған. Ал, тұрғындар бүгін күні бойы аман қалған тұрмыстық техникалары мен көрпе-төсектерін тысқа шығарып жатыр. Ауладағы көлікке дейін су астында қалған.

Антонина Карлат, ауыл тұрғыны:

Үй, жертөленің бәріне су кірді.Өзіміз ешқандай әрекет жасай алмадық. Аздаған көмек болды, кұм толы қапшықтар әкеліп еді, олары қазір судан көрінбей қалды. Баспанамызыдң қабырғасы құлайын деп тұр.Енді не істерімізді білмейміз.

Аудан орталығындағы спорттық-сауықтыру кешені, прокуратура ғимараты, газ тарату мекемесінің кеңсесі де су ортасында қалды. Бірнеше кәсіпкерлік нысан бүлінді.

Болат Құлов, Қобда ауданының әкімі:

Барлық жерге дамбаларды бекіткен болатынбыз. Оған қарамай, судың көп мөлшерде келуіне байланысты. Барлық үйдің шығынын есептеп, көмек көрсетеміз, демеушілер есебінен көрсетеміз.

Ауданға қарасты Егіндібұлақ ауылына да еріген қар суы кірген. Сондай-ақ, Қобда-Ақырап тас жолын да су шайып кеткен.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу