Екібастұздағы ЖЭО-ға 5 млн теңге айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздағы ЖЭО-ға 5 млн теңге айыппұл салынды

13.03.2023

Екібастұз жылу электро орталығына 5 млн 520 мың теңге айыппұл салынды. Себебі кәсіпорын санитарлық нормаларды бұзған. Режимді нысанды тексеруге облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі прокуратураның нұсқамасы бойынша барған. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында жылу желісінде апат болып, шаһардағы 170-тен астам көпқабатты үй мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалған. Осыған қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тексеру әлі жүріп жатыр. Нормаға сай жылу бере алмаған монополист компания ақпан айындағы жылу төлемі үшін тұрғындарға 70 пайыз жеңілдік жасады. Енді еңбек заңын бұзғаны үшін жазаланады.

Батырбек Әлиев, облыстың бас санитарлық дәрігері:
Ауадағы шаңнан жұмыс орындарында демалудың өзі қиын. Ғимараттардың іші алакөлеңке, жарық дұрыс берілмейді. Оның үстіне суық. Электромагниттік кернеулердің қысымы жоғарылап кеткен. Шөлдегенде ішерге су қойылмаған. Яғни, жұмысшыларға қолайлы жағдай жоқтығына көз жеткіздік.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу