Украинада әуе дабылы қайта қағылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинада әуе дабылы қайта қағылды

12.03.2023

Ал Украинада әуе дабылы қайта қағылды. Ресей елдің бірнеше облысына зымыранмен жойқын соққы берген. Энергетикалық инфрақұрылым істен шығып, жүздеген мың адам жарықсыз, жылусыз қалды. Ресей бұл шабуылды кек алу үшін жасағанын мәлімдеді. Брянск облысына өткен аптада жасалған диверсия үшін Мәскеу Киевті айыптаған еді. Бахмутта да жағдай күрделі. Жергілікті әскер ай басында кейінге шегінуді жоспарлағандай көрінген еді. Алайда осы аптада қорғанысты күшейтіп, соғысуды жалғастыруға шешім қабылдаған.

Ресей осы аптада Украинаға әуеден соққы беруін күшейтті. Сенбіде елдің оңтүстігіндегі Херсон қаласындағы тас жолда снарядтардан 3 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Жараланғандар да бар. Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, осы бағытқа жасалған шабуылдан Украина қарулы күштеріне тиесілі оқ-дәрі қоймасы жойылған. Айта кету керек, Украина Херсонды орыс әскерлерінің сегіз айға жуық оккупациясынан кейін қараша айында қайтарып алды. Алайда өңірді бомбалау тоқтаған жоқ.

Бейсенбіде Ресей Украинаның он облысына 6 сағат бойы зымыран ұшырды. 6 адам қаза тапты. Соққыға ұшыраған өңірлерде тұрғын үйлер қирап, маңызды инфрақұрылым істен шыққан. Электр жарығы өшіп, Киев тұрғындарының 40 пайызы жылусыз қалды. Запорожье атом электр станциясы да электр желісінен толықтай ажырады. Сол күні Украина аумағына 81 зымыран ұшырылған.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Екі жарым айға жетер-жетпес уақытта жау бір ғана Харковьті 40-тан астам зымыранмен атқылаған. Шабуылға зымырандар, артиллерия мен дрондар қолданылды. Запорожьеде ресейлік снаряд маңызды инфрақұрылым нысанына тиді.

Ал Мәскеу бейсенбідегі шабуылын кек алу деп мәлімдеді. Осы елдің Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл арқылы Брянск облысына жасалған лаңкестік әрекетке жауап беру көзделген. Наурыздың 2-де болған оқиғаға Ресей Украинаны айыптаған еді. Алайда Киев рейдке қатысы барын жоққа шығарды. Оны "арандатушылық" деп атады.

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

Киев режиімінің Брянск облысында ұйымдастарған лаңкестік әрекетіне жауап ретінде Ресей қарулы күштері ауқымды соққы берді. Алысқа дәлдеп ататын әуе, теңіз және құрлыққа арналған қару-жарақ, соның ішінде Кинжал гипердыбысты зымыран кешені Украинаның әскери инфрақұрылымының басты элементтерін атқылады.

"BBC"-дің хабарлауынша, Ресей осы шабуыл барысында 8 түрлі ракета қолданған. Украинаның әуе қорғанысы жүйесі олардың "Кинжал", "Х-47" мен С-300 тәрізді үшеуін жоюға қауқарсыз. Бұлардың ішіндегі ең озығы -"Кинжал" дыбыс жылдамдығынан 10 есе тез ұшады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Ресей бұған дейін осындай ракетаны аз ұшырса, бұл жолы бірден 6 данасын қолданған.

Бірнеше ай бойы шайқас жүріп жатқан Бахмутқа тоқталсақ. Украина генералдары осы аптада қаланы қорғауды жалғастыру туралы шешім қабылдады. Бұған дейін жергілікті армия Ресей күштерінің қоршауына түсіп қалмас үшін кетуге бел буған еді. Соңғы деректерге сай, Бахмуттың батысын Украина күштері мықтап ұстап тұр. Ал қаланың шығысының басым бөлігі ресейліктердің бақылауында. Бахмутты жаулау арқылы Мәскеу Украинаның өнеркәсіптік Донбас аймағын басып алуды көздейді.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу