Президент Батыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жеке бақылауында ұстайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Батыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жеке бақылауында ұстайды

12.03.2023

Еуропада энергетикалық дағдарыс ушыға түсті. Осы аптада газ бағасы құбылып кетті. Нидерланд биржасында мың текше метргаз тасымалының құны 516$ дейін жетті. Бұл былтырғы желтоқсандағы рекордтық көрсеткіштен 3 есе төмен. Дегенмен, Еуроодақ елдері энергетикалық тапшылық болады деп алаңдаулы. Сондықтан енді АҚШ, Таяу Шығыс пен Африка елдерінің компанияларымен ұзақ мерзімді келісімге келмекші. Еурокомиссия жаңа жүйе энергетика мәселесін шешуі тиіс деп отыр. Былтыр Еуроодақ елдері газ тұтынуды 15 пайызға қысқартқан еді.

Энергетика мәселесі осы аптада Қазақстанда да талқыланды. Президент Батыс Қазақстан облысына сапары барысында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» консорциумының жұмысымен танысты. Қарашығанақ – әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсат кен орындарының бірі. Қазір онда 5-ші газды қайта айдау компрессоры мен басқа да өндіріс нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Әрі жаңа газ өңдеу зауытын салу жоспарда бар. беруші еді. Бұл зауытты салу жөнінде негізі 20 жылдан бері айтылып келеді. Сөз жүзінде қалып қою бергеніне не себеп? Зауыт салынса, жылына 4 миллиард текше метрге дейін газ өндіруге мүмкіндік туушы еді. Әзірге газға мұқтаж Еуропа елдеріне Қазақстан да ұсыныс білдіреді деген әңгіме жоқ. Алдымен іштегі тапшылықты жою керек. 

Данияр Қайыртай, тілші:

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғалы Батыс Қазақстан өңіріне екінші рет келіп отыр. Алғаш рет осыдан 4 жыл бұрын сапарлаған еді. Аймақтың тыныс-тіршілігімен танысқан Мемлекет басшысы облысқа көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтып қалды... Бұл, бір жағынан, облыста осы төрт жылда атқарылған жұмысқа берілген бағаға ұқсайды. Бір жағынан, 3 ай бұрын ғана тағайындалған жаңа әкімге нұсқаулық болуы да мүмкін. Әйтеуір, Президент облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеке бақылауына алатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Облыстың әлеуеті зор. Елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осындай кезеңде біз үшін ең құнды нәрсе – бейбітшілік. Осы жолда бәріміз бір ел болып еңбек етсек, ешқандай кедергі болмайды.

Негізінен Президент өңірдегі өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысты. Алдымен Оралдағы машина жасау зауытына барды. Кәсіпорын 50 жыл бұрын арнайы техника шығару үшін құрылған. Ал 2003 жылдан бері мұнай-газ өндірісіне қажет өнім шығарады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл зауытта кейінгі 20 жылдан бері энергетика саласына арналған қондырғылар өндіріледі. Осы уақыт аралығында 381 мынадай пеш пен 417 сыйымдылық шығарылған.

Зауыт жылына 50 мұнай жылыту пеші мен дәл сонша сыйымдылығы 200 текше метрге жететінмұнай сақтайтын ыдыс шығара алады. Бірақ былтыр өндіріс көлемі 16 жарым пайызға кеміген. Бұл көбіне арнайы өнімдер экспортының шектелуімен байланысты дейді компания өкілі.

Ақылжан Ахметов, «Батыс Қазақстан машина жасау зауыты» АҚ өндіріс басшысы:

Өндіріс көлемінің төмендеуіне бір себеп – тапсырыстың болмауы. Екіншіден, тендерден ұтылып қалсақ, бізде өндіріс көлемі түседі. Біздің тапсырыс берушілер бізге тіке, бірден тапсырыс бере алмайды.

Азамат Битурин, «Батыс Қазақстан машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:

Отандық өнеркәсіп нысанына айналу үшін индустриалды сертификат деген бар, соны кім алады, сол тізімге кіреді. Өкінішке орай қазіргі тендерларда кейбір өндірушілерді біз танымаймыз. Өндіріс цехтары жоқ екенін де білеміз. Сондықтан, компания басшылығы, отандық кәсіпорындарға бірнеше жылға кепілдендірілген тапсырыс алу мүмкіндігін беру керек деген ұсыныс айтты. Айтпақшы, зауыт ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып суаратын машиналар өндіруді ойластырып отыр. Әрі «ҚазақГаз» компаниясымен бірігіп, кәсіпорын базасында мультивендорлық сервис орталығын құру жоспарда бар.

Президент газ конденсаты бойынша әлемдегі ең ірі кеніштің бірін игеріп жатқан «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының жұмысымен де танысты. Консорциум серіктестері Энергетика министрлігімен бірлесіп, жаңа газ өңдеу зауытының техника-экономикалық негіздемесін әзірлеп жатқан көрінеді. Кей деректерге қарағанда, жоба құны 3-3,5 млрд доллар болуы мүмкін.

Жанкарло Рую, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» бас директоры:

Егер газды кешенді түрде өңдейтін зауыт салынса, жылына 4 миллиард текше метрге дейін газ және жарты миллион тонна пропан-бутан фракциясын өндіріп, еліміздің энергетикалық әлеуетін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік туады. Әрі Орынбор зауытына тәуелділіктен арыламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы өте маңызды. Жалпы Қарашығанақ кен орнының еліміздегі мұнай-газ индустриясын өркендетудегі және әлеуметтік-экономикалық саласын дамытудағы үлесі зор.

Қарашығанақта газ өңдеу зауыты салынуы мүмкін деп кемі 20 жылдан бері айтылып келеді. 

Меруерт Махмұтова, экономист:

Ол жоспарларға ылғи шектеу қойып отырған Ресей болды. Себебі бізде Ресейден мұнай Павлодардағы Мұнай өңдеу зауытына түсіп отырды, біз оларға газды Орынборға экспорттап отырдық. Сондықтан біз оларға газды экспортқа жұмсамайтын болсақ, олар бізге Павлодарға мұнайды шектеп тастайды дегендей қысымы болды.

Ал кейінгі бір жылда жағдай өзгерді. Еуропа нарығынан айрылып қалған Ресей газ экспорттайтын жаңа нарық іздеп әлек. Сол үшін де енді олар Қазақстанның батысындағы зауыт құрылысына кедергі болмауы мүмкін деп болжайды экономист. Оның үстіне Орынбордағы зауыт былтыр жөндеу басталды деп, Қарашығанақтан шығатын газды шектеп қабылдағаны есте. Ол кен орнын шығынға батырғаны түсінікті. Сондықтан Үкімет пен консорциум бұл жолы Газ өңдеу зауытын салуға шындап кірісетін сыңайлы.

Меруерт Махмұтова, экономист:

КПО ол өнімді бөлу туралы келісімшарт. Қазақстанның 10 пайыз үлесі бар. Бұл келісім бойынша қазір олар зауыт салып қаржы жұмсаса, кейін бұл қаржыны Қазақстан орнына толтыруы керек. Сондықтан бұл келешекте Қазақстанға түсетін пайданы төмендетеді.

Мемлекет басшысы аралаған мына нысан – мұнай мен газ өндірісіне арналған жоғары технологиялы клапандар мен арматуралар шығаратын еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Италия компаниясымен бірлесе ашылған зауытта 43 адам жұмыс істейді.

Данияр Қайыртай, тілші:

Былтыр жазда ашылған бұл кәсіпорында мұнай-газ саласына қажет клапандар мен клапанның компоненттері шығарылады және жөндеуден өтеді. Былтыр мұндай детальдардың 500 данасы шығарылса, биыл 2000 данасын шығару көзделіп отыр. Ал 2024 жылы 3,5 мың данасын өндіру жоспарда бар.

Негізгі тұтынушылары – Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындары. Солардың қолданысындағы кез келген брендтегі клапандарды енді осы цехта жөндеуге де болады.

Динар Хамиев, «Petrolvalves Kazakhstan» ЖШС бас директоры:

Бұған дейін олар біздікіндей өнімдерді шет елден әкеліп жүрді немесе істен шыққан болса жаңасына ауыстырып жүрді. Ескі клапанды жаңасына «Клапанға жаңа өмір» бағдарламасы бойынша қайта іске әкелу – 30-40 пайыз үнем болады.

Қаражаттан бөлек, уақытқа да үнем. Мәселен, жаңасын импорттап әкелу үшін 1 жылға жуық уақыт кетсе, енді осы кәсіпорында жөндеп, қайта кенішке жібергенге 3-ақ апта керек. Қазірдің өзінде Қазақстан аумағында 40 мыңға жуық клапан іске қосылып тұр екен. Ал олар істен шықпай қоймайды.

Дәулет Жонысов, «Petrolvalves Kazakhstan» ЖШС супервайзері:

Болашақта тағы да осы 30 жылдың ішінде 400 мыңға жуық клапандар өндіріске қосылады. Сол себепті, ол клапандардың бәріне сервис жұмыстары, ремонт жұмыстары жасалуы керек.

Расында, аймақтың өндірістік әрі инвестициялық әлеуеті зор. Батыс Қазақстан Ресейдің 5 облысымен шектесіп жатыр. Геосаяси ахуалға байланысты былтыр көрші елдегі 4 кәсіпорын Орал өңіріне көшірілген. Тағы 8 жоба релокация жасауы ықтимал. Мемлекет басшысының Батыс Қазақстанды еліміздің дамуы үшін маңызды аймақ деуіне осы фактор да себеп болуы мүмкін.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу