Қостанайда зергер Леонид Игошиннің көрмесі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда зергер Леонид Игошиннің көрмесі өтіп жатыр

11.03.2023

Қазақ киносының жауһары, әйгілі «Қыз Жібек» фильмі үшін зергерлік бұйымдар жасаған қолөнер шебері Леонид Игошиннің көрмесі Қостанай қаласында өтіп жатыр. Екі жыл бұрын, 89 жасында дүниеден өткен зергердің еңбектері кезінде ондаған халықаралық көрмеге қойылып, шетелдік мамандарды тәнті еткен. Өңірдегі әріптесім Дәуренбек Әбдібек те көрмені тамашалады.

Осы көріністегі Төлегеннің қылышының қыны мен киіміндегі әшекейлер Леонид Игошиннің қолынан шыққан. Басқа да кейіпкерлердің дулығасы, белбеуі, қанжар салатын қынаптарының бірпарасы дайындапты. Бұл фильмге ол Қазақстанның халық суретшісі Гүлфайрус Ысмайылованың шақыруымен келіп, көркемсурет тобында жұмыс істеген.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл көрмеге зергердің облыстық өлкетану музейіндегі дүниелері қойылған. Әр затты қолмен ұстап көруге де болады. Мысалы мына қобидша мельхиор металынан өріліп, күміспен күптелген. Қақпағын ашатын тұтқасына ақық бекітілген. Бұл қобдиша кезінде әлемнің елдерін аралап,тіпті Америкаға да барып қайтқан.

Мыс қаңылтырға шекіп жасаған «Шайқас», «Шабуыл», «Қобыз зары» секілді дүниелер батырлық пен қайғы-қасірет қатар жүрген жаугершілік заманнан сыр шертеді. Ал «Тың» панносынан мал баққан қазақ пен дән егіп, масақ терген мұжықтың қоңсы бола бастаған кезін көресіз. Әйелдерге арналған әшекейлер де көп.

Дина Өміржанова, галерея қызметкері:

Көбіне үлкен кісілер келеді. Бұйымдарға қызығып, сатыла ма деп сұрайды. Бұ кісінің көп дүниесі Алмыт, Мәскеу қалалаырнда сақталған.

Сая Қаленова мойнымдағы тұмарды көзі тірісінде зергердің өзінен сатып алдым дейді. Негізгі жұмысының сыртында ол кісіге жеке адамдардан да тапсырыс көп түсіпті.

Сая Қаленова, қала тұрғыны:

Бұл кісі қазақтың ертедегі зергерлерінің әшекейлер жасау мәдениетін кәдеге жаратты. Сөйтіп көзі тірісінде халық зергері атанды.

Леонид Игошин Ресейде көркем өңдеу бойынша кәсіби білім алып, кейін Қазақстанға жолдамамен келген. Алматыдағы «Сувенир» зергерлік фабиркасына көркемдік жетекші болып еңбек етіпті. Ал 1974 жылы Қостанайға қоныс аударған. Мұнда теміржол вокзалы мен бірнеше сауда орнын безендірген.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу