Сайлау-2023: Үгіт-насихат науқаны басталған 15 күн ішінде «Аманат» партиясының өкілдері 16 900 шара өткізген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау-2023: Үгіт-насихат науқаны басталған 15 күн ішінде «Аманат» партиясының өкілдері 16 900 шара өткізген

05.03.2023

Үгіт-насихат науқаны басталған 15 күн ішінде «Аманат» партиясының өкілдері 16 900 шара өткізген. Оларға 1 млн 700 мыңдай адам қатысқан. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне сайлаушылардан 13400-ден астам ұсыныс түскен. Өңірлер мен аумақтарда құрылған сайлауалды штаб өкілдері зиялы қауыммен, түрлі кәсіпорын қызметкерлерімен, тазалыққа жауапты еңбек ұжымдарымен кездесіп, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, жалақыны көтеру мәселелерін шешу басты назарда болатынын айтты.

Атырау облысы

«Ауыл» партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Атырау облысында жалғастырып жатыр. Кандидаттар Қызылқоға ауданындағы ауылдарды аралады. Кен орнына соғып, мұнайшылармен кездесті. Кәсіпорындағы еңбек жағдайымен танысып, саяси ұйымның тұғырнамасын түсіндірді.

Әли Бектаев, «Ауыл» партиясының төрағасы:

Атырау облысында бірнеше кездесу өткізгенімізде байқағанымыз ел қай салада болмасын бұл саяси науқанға қатысатындарын, өздерінің позицияларын білдіретінін айтып жатыр.

Солтүстік Қазақстан

Respublica партиясы Қызылжар өңіріне барды. Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесіп, өз тұғырнамаларын таныстырды. Сайлаудың қоғамдағы маңызы мен мән-мағынасы турасында әңгіме өрбіді. Ал жиналған тұрғындар əлеуметтік мəселелер, көпбалалы және əлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау, табысы төмен тұрғындардың жалақысын арттыру мəселелеріне қатысты өз сауалдарын қойды. Партия мүшелері тұрғындар сауалына жауап беріп, сайлау науқаны жайлы толыққанды мағлұмат берді.

Ақтау

Қазақстан халық партиясының республикалық сайлауалды штабы Ақтау қаласына барды. Кандидаттар облыс орталығында құрылыс жүргізіп жатқан компаниялардың бірінде болды. Мекеме жергілікті нарықта он жылға жуық жұмыс істеп келеді. Саяси ұйым өкілдері компания жұмысымен танысып, кеңседегі мамандармен тілдесті.

Бекіш Күбіков, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ мүшесі:

Күнделікті штаб мүшелері мен үміткерлер тек қана қаламен шектеліп қалмай аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде әртүрлі ұжыммен кездесу өткізуде және үгіт-насихат өткізуде.

Бүгін Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның туған күні. Осыған орай, «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері «Алаш» қозғалысы көшбасшыларына арналған ескерткіш маңына жиналып, тарихи тұлғалардың рухына тағзым етті. Елордада өткен іс-шараға қаладағы қоғамдық қорлардың бірі мұрындық болды. «Байтақ» партиясының республкалық және өңірлік штабтары кестеге сай жұмыс істеп жатыр.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:

Үгіт-насихат әр аймақта, әр өңірде халықпен кездесіп жұмыстар жүріп жатыр. Осындай қыруар жұмыстардың аясында біз арнайы алаштықтарға тағзым етіп келіп отырмыз.

Ақмола облысы

«Ақ жол» партиясынан сайлауға түскен кандидаттар Қосшы қаласының тұрғындарымен кездесті. Сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді. Жиында әлеуметтік мәселелер, жастарды қолдау, бизнесті дамыту жайы айтылды. Қосшы тұрғындары көкейтесті сұрақтарын қойып, оған жауап алды. Ал «Ақ жол» партиясының өкілдері сайлауалды бағдарламаның әр бөліміне жеке-жеке тоқталып, саяси науқан жайлы толық мағлұмат берді. Алдағы мақсат-жоспарларын бөлісті.

Астана

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының республикалық штабында ашық есік күні өтті. Ол саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, тұрғындардың жолдаған сауалына жауап беруге бағытталған. Жалпы бүгінге дейін бірлестік белсенділері 400-ден астам іс-шара өткізді.

Талғат Омаров, ЖСДП мүшесі:

Бүгін ашық есік күні жалғыз республикалық штабта емес, аймақтық штабтарда да өтіп жатыр. Аумақтардағы штаб өкілдері бізге зум арқылы шықты.

Амангелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу