Ұлттық арна апта соңында 65 жылдығын атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна апта соңында 65 жылдығын атап өтті

05.03.2023

«Креативті индустрияда» ең табысты өнім - телесериалдар. Осы тұрғыда Қазақстан Ұлттық телеарнасы көрерменге телехикаяларын ұсынып келеді. 5-10 жыл бұрын экранды жаулап алған корей, түрік, үнді хикаялардың орнын басу үшін корпорация жылына 14-16 сериалдан түсіреді. Ол өнімдерге шет елдерден де сұраныс бар. Мәселен, «Абай» сериалы «Trt Avaz» телеарнасынан түрік тілінде көрсетілсе, «Әл-Фараби», «Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи хикаялары Араб нарығына шықты. «Махаббат, қызық мол жылдар» туындысы Ресейлік онлайн платформаға сатылса, Ұлыбританиялық онлайн платформа дистрибуциялық «Ақжауын», «Қара таңба», «Теміржол» сериалдарының форматын алған.

«Қазақстан» корпорациясының тұтас телевизия саласындағы орны бөлек. Журналистік ортада «қарашаңырақ» деп аталып кеткен Ұлттық арна апта соңында 65 жылдығын атап өтті. Кеше мен бүгінді тоғыстырған шара жайлы Ақерке Бектас баяндайды.

Бірақ бұл құндылықты дәріптейтін күш – телеарна. Қоғамның мақсат-мүддесін бір арнаға тоғыстырған «Qazaqstan» ұлттық арнасы бұл жауапкершілікті 65 жылдан бері арқалап келеді.

Еркін ойлы, рухы мықты азаматтардың еңбегі қазақ телевизиясының қалыптасуына ықпал етті. Қанапия Мұстафин, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза секілді қайраткерлер ағартушылықтың жақсы үлгісін көрсетті, ұлтты біріктірудің жолын іздеді.

Осылайша, бұл азаматтар жанкештілікпен қазақ телевизиясын жаһандануға жұтқызбай жаңа дәуірге алып келді. Мұнда әр жылдары еңбек еткен мамандар – телевизия мектебінің қалыптасуына атсалысқан азаматтар.

Қажы Қорғанұлы, Қазақ телевизиясының ардагері:

Озып жатқан өмірден қалыс қалмау керек. Зерттеп, зерделеу керек.
Әшірбек Сейілханұлы, Қазақ телевизиясының ардагері:

Қазақстан тарихы қазақ теледидарының 58 жылдан бергі өмірінде тұтас тұр.

Әбділхамит Райымбергенов, күйші:

Телеарна біздің көптеген ұрпаққа рухани тәрбие беріп, сусындатқан арна.

Мерейтой қарсаңында өткен салтанатты жиында ардагерлерге құрмет көрсетілді. Арнада жұмыс істейтін мамандармен бірге сахнаға шықты. Сол бір жастық шақты қайта еске алды, алғаш эфирге шыққандай толқыды.

Жиынға қатысқан Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттің құттықтау хатын жеткізді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Алғаш құрылған күннен бастап халыққа қызмет етуді маңызды миссиясына айналдырған Ұлттық арна ұжымы бұл міндетін абыроймен атқарып келеді.

Қазір ұлттық арна халықты әр кезеңде өркениетке ілестіре алған қоғамның айнасына айналды. 12 жылдан бері тек қазақ тілінде хабар тарататын «Qazaqstan» заман өзгерісіне қарай бағытын түзеді. Келешекке қойған жоспары да аз емес.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы:

Кез келген жетістігіміз де, жаңашылдығымыздың артында 65 жыл бойы еңбек еткен әрбір телевизия маманының, әрбір қызметкердің үлесін, еңбегің көреміз. Және өте жоғары бағалаймыз.

Ұлттық арнадан шыңдалып шыққан маман көп. Қарашаңырақта жылдар бойы еңбек еткен олар телеарнаның руханият рейтінгінде де жоғары бағаланып жүргенін еске салды.

Жанұзақ Мүсәпір, Қазақ телевизиясының ардагері:

65 деген қысқа айтылғанымен, қазақ елінің ғұмырымен тепе-тең деп айтуға болады.

Нұркен Өтеуіл, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:

Қандай-қандай біздің қазақтың азаттығы үшін күрескен тұлғаларды дәріптеуде бірінші орында тұр ұлттық арна.

Бұл күні телевизияда тер төккен бірқатар азамат «Еңбек ардагері» медалін тақты. «Қазақ телевизиясына 65 жыл» мерейтойлық медалі де табысталды.

«Qazaqstan» телеарнасында қазір қызмет етіп жүрген мамандар «Ақпарат саласының үздігі» атанды.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Осыдан 65 жыл бұрын көрерменге жол тартқан телеарна біздің ұлттық рухымызға қызмет етті. 2:00 Ұлттық арнаны телеарнаның эпопеясы деп айтуға болады.

Телеарнада бақытын тауып, шаңырақ көтерген жұп та аз емес. Ласкер Сейітов пен Мәриям Айымбетованы таныстырған да, табыстырған да – ұлттық арна.

Ласкер Сейітов, Қазақ телевизиясының ардагері:

Алтын шаңырақтың бергені көп. Соның бірі мен жарымды таптым телевизия арқылы. Қазақ телевизиясының 65 жылдығы құтты болсын.

Мәриям Айымбетова, Қазақ телевизиясының ардагері:

Алғаш біздің комсомолдық тойымыз да осы телевидениеде болған. Алтын шаңырағымыз, өсіп өнгеніміз.

Ардагерлер арнаның студияларын аралап, ауыр камера мен сымды микрофонның орнына келген сан қырлы техниканың мүмкіндігін көрді.

Телеарна дүние жүзін кішкентай ғана жәшікке сыйдырғанымен, атқаратын қызметі үлкен, арқалаған жүгі ауыр. Қоғамға бұған дейін де өлшеусіз қызмет еткен қазақ телевизиясы міндеті мен миссиясынан мүдірмеген қалыпта 65 жылды артқа тастады.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу