«Банкроттық» туралы заң қабылданған соң өтініш қабылдау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Банкроттық» туралы заң қабылданған соң өтініш қабылдау басталды

05.03.2023

Атаулы әлеуметтік көмек кімге берілуін анықтау үшін қолданылатын «кедейлік шегі» деп аталатын ресми термин бар. Халық кедейліктің шегі емес, оның жалпы жоқ болғанын қалайды ғой... Өткен айда ғана «Қазақстанда кедейлер саны өсіп келеді» деген материал бердік. Қаңтарда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,3% мәлімдеген еді. Ал Дүниежүзілік банк жүргізген сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 23% өзін «кедей» санатына қосқан. Екеуі де – былтырғы статистика.

Енді үкіметтің шешімдеріне тоқталсақ. Кедейлік шегі медиандық табыс деңгейі арқылы анықталмақ. Медиандық табыс дегеніміз – халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс кірісі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен қандай айырмашылығы бар? Ең төменгі күнкөріс деңгейі азық-түліктің 42 түрі бойынша есептеледі. Яғни, халыққа аса қажет ас-ауқат және оған қосымша азық-түлік емес тауарлардың 50%. Ал медиандық табыс статисткамен анықталады. Халықтың жартысы осы табысты алады. Қалған жұрттың кірісі бұдан жоғары, - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. Яғни, Тамара Дүйсенованың айтуынша, медиандық табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен көбірек.

Түсінікті болу үшін сандарды сөйлетейік: 2021 жылы Қазақстан бойынша орташа медиандық табыс 54 мың теңге, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 мың теңге болған. Демек, әл-ауқаты төмен азаматтардың алатын көмегі де өсуі тиіс. Бірақ бұл - 2025 жылға белгіленген жоспар.

Ал биыл енгізілген кейдейлікпен күрестегі жаңа бір тәсіл – берешекке батқан азаматтарды банкрот тану. Осы аптада жүйе іске қосылды. Талаптары Айя Мүтәлінің материалында.

«Банкроттық» туралы заң қабылданған соң, өтініш беру күнін 2 ай күткен борышкерлер Халыққа қызмет көрсету орталығына ағылды.

Адам көп болғаннан соң ба, өтініш қабылдайтын арнайы сайт істен шығып, жұрттың есін шығарды.

Үшінші наурызды асыға күткендердің бірі – астаналық Гүлсім Садуақасова. 4 баласын үйде тастап, орталыққа күйеуін ерте келіпті. Айтуынша, жолдасы банкке 4 млн теңге қарыз. Тұрақты жұмысы бар кезде несиеге көлік алып, балаларын емдеткенін айтады. Карантиннен кейін жұмыссыз қалып, банк шоттарын түгел бұғаттап тастаған. Содан бері еш жер ресми жұмысқа алмайды.

Гүлсім Садуақасова, Астана қаласының тұрғыны:

АСП алайын десем күйеу жұмыс істеу керек дейді. Жұмыс істе десек, бұл жұмысты питакта істейді. Бірде бар, бірде жоқ питакта. Енді Үкіметке барсақ, ол кредиті бар. Алмайды.

Орталыққа келген ерлі-зайыпты банкроттыққа өтініш тастай алмай кері қайтты. Қызметкерлер тиісті құжаттарыңыз жоқ деп шығарып салды.

Гүлсім Садуақасова, Астана қаласының тұрғыны:

Маған оңай емес, мен 4 баламды қамап, 5 баламды қасыма алып ап жүгіріп жүрмін. Анда бар, мұнда бар. Документ. Оңай емес.

Ал құжатын алдын-ала түгендегендер үйде отырып-ақ онлайн өтінім беріп жатыр. Ол үшін арнайы «eGov.kz» порталы мен «E-Салық Азамат» қосымшасы жұмыс істейді. Қаржы министрлігің мәліметінше, бір күннің өзінде 2 жарым мың адам арыз тастап үлгерген. Енді олар 15 күндей жауабын күтуі тиіс. Қарызынан тездетіп құтылғысы келгендердің арасынан жасты да, қартты да байқадық. Енді бірі - туысының мәселесін шешіп жүр.

Жалпы борышкерді банкрот деп жариялаудың үш түрлі жолы бар. Мәселен, қарызы 5 жарым млн теңгеден аспайтындар мен 5 жылдан бері несиесін өтей алмай жүргендер сотқа жүгінбей-ақ құжат тапсыра алады. Ал берешегі тиісті соммадан көп болса, сотқа арыз жазуына тура келеді. Тұрақты кірісі бар азаматтар төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін пайдаланып, қарызды 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндігі бар. Бұл рәсімді қолданған азамат банкрот деп танылмайды.

Ержан Бектібаев, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

Жеке тұлғаның қарызы 5 жарым млн-нан аспауы керек. Оның қарызы соңғы 12 ай ішінде төленбеуі тиіс. Оның атында мүлік болмауы керек. Және екінші деңгейлі банктер тарапынан қарызды реттеу туралы анықтамасы болуы керек.

Тағы бір ескеретін жайт, «Банкрот» деп танылған адам 5 жылға дейін несие ала алмайды. Сондай-ақ, оның қаржылық жағдайына үш жыл бойы бақылау жүргізіледі. Бұдан бөлек, 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп жариялай алмайды.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Банкрот деген шекеңе таңба басылады. Сондықтан мен ойлаймын. Бұған оншалықты қызықпау керек. Мүмкіндігінше қаржы ұйымына барып, өзіңнің төлем қабілеттілігіңді қалпына келтіру үшін әрекет жасап, жұмыс істеп, табыс табуың керек.

Өтініш тастауға келгендердің мұны біліп отыр. Бірі - қарызым кешірілсе болды, несие алмаймын десе, енді бірі әлі де кет әрі емес сыңайлы.

Ал заңгерлер бұл заңның шикі тұсы көп екенін айтып отыр. Мұны құжатты әзірлеген авторларға жеткізгенімен, мардымды жауап алмапты.

Мұхамедияр Дүйсенғали, заңгер:

12 ай ешқандай төлем жасалмау керек. Бұл деген біреу төлем жасамай жүреді да, біреу байқамай жеке шотына ақша аударып жібереді. Ол аресте тұр. Жеке сот орындаушы оны шешіп алған мезетте ол банктің қандай да бір мөлшерін төледі деп есептелінеді. Демек шешіп алған күннен бастап тағы 12 ай күту керек болады.

Мұның соңы тұрмыстық жағдайын төмендетіп көрсету үшін халықты түрлі амал-әрекет жасауға итермелейді деп отыр.

Мұхамедияр Дүйсенғали, заңгер:

Жасыратын түгі жоқ, АСП алушылар жалғызбасты ана болып тіркеліп алу үшін әдейі де неке бұзу фактілері көптеп болып жатыр.

«Банкроттық» туралы заң біраз елде әлдеқашан қолданыста. ГРАФИКА: Мәселен, АҚШ-та банкрот деп танылған адамның қарызы жартылай ғана кешіріледі. Банкроттыққа өтінішті сегіз жылда бір рет бере алады. Ал Ұлыбританияда мұндай борышкерлер заңгер, қаржыгер болу құқығынан өмір бойына айырылады. Сондай-ақ, жеке мүлік сату агенттігінде, жеке кәсіпорында жұмыс істей алмайды. Мемлекеттік қызметке де алынбайды. Жапонияның да заңы қатал. Борышкерлердің құқық және қаржы саласында жұмыс істеуіне шектеу қойылған. Ал Австралияда банкрот деп танылған адамның мүлкі қарыз берген банктің қолына өтеді.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Банкротқа түскен адамды кей елдерде мәжбүрлеп әлгі оншалықты адамдарға ұнамайтын жұмыстар болады ғой. Қоқыс жинау, көше сыпыру, химиялық өндірістерде зиянды краскі өндіретін жұмыстарға қояды. Себебі айтады ғой. Сен неге жұмыс істемейсің? Жұмыс бар істегін дейді. Бізде шетке шығармау деген нәрсе бар еді. Бірақ, біздегі гуманистік адамдар көбірек болды да, сол шетке шығару деген шектеулерді алып тастады.

Ал Қазақстанда қарызын мүлдем өтей алмай жүрген 1 миллион 180 мың адам бар. Олардың жалпы берешегі 1 триллион 100 миллиард теңгеден асады. Коллекторламен алысып жүргендердің біршамасы құмар ойынына әуес адамдар. Қаржы пирамидасына банктен алған миллионын аударып, қарыздан құтыла алмай жүргендер де бар.

Әлеуметтанушы дәл осындай борышкерлердің қарызын кешіру қауіпті дейді.

Ерсінбек Арғынбек, әлеуметтанушы:

Бұл масылдыққа әкелуі мүмкін деген үлкен теория бар. Яғни, бұл теорияға сәйкес адамдардың қарызға деген мүмкіндіктері ашылады. Яғни, олар қарыз алуға тырысады. Және сол қарызды өтемеуге деген оларда сенім пайда болады. Яғни, мемлекет жабады. Мемлекет бізге қайтарып береді деген.

Статистикаға сенсек, несие алудан Алматы мен Шымкент қалалары көш бастап тұр. Ал мұндағы жұрт қарыздың көп бөлігін той-томалаққа жұмсайды екен.

Айя Мүтәлі, тілші:

Иә, тапқан таянғанын екі-үш сағаттық думанға шашып, өзі жылдар бойы пәтер жалдап банктегі берешегін өтей алмай жүргендер қаншама?! Сарапшылар несие алып, қарызға батқандардың мәселесін шешу үшін алдымен осы той бизнесті тыю қажет дейді. Ол үшін той мәдениетіне қатысты арнайы заң қабылдау қажеттігін де айтып жүр.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу