Қазақстан мұнайының алғашқы партиясы Германияға жөнелтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мұнайының алғашқы партиясы Германияға жөнелтілді

05.03.2023

Осы аптада Қазақстан мұнайының алғашқы партиясы «достық» мұнай құбыры арқылы Германияға жөнелтілді. 20 мың тонна. Иә, экономикалық тұрғыдан бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Бірақ геосаяси жағынан алғанда - үлкен қадам. «ҚазТрансОйл» Германияға мұнай жеткізу үшін «Адамова застава» бағыты бойынша «Транснефть»-тің магистральдық құбырлар жүйесіне 20 мың тонна қазақстандық мұнайды тапсырған. Наурызда тағы 20 мың тонна жөнелту жоспарланып отыр.Жалпы, осы құбыр бойынша Германияға биыл 1,2 млн тонна Қазақстан мұнайын тасымалдау жөнінде келісім жасалған еді. «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, мұнай Шведт қаласындағы зауытқа жіберіледі. Бұрын бұл зауыт «Роснефть»-ке тиесілі еді. Бірақ былтыр қыркүйекте Германияның федералды жүйе агенттігінің қарамағына өткен. Шведтегі зауыттың қуаты 12 млн тонна мұнай өңдеуге жетеді. Сондықтан Қазақстанның 1 жылда жіберетін 1 млннан сәл асатын шикізаты түк емес, әрине.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы:

Бұл немістер жағынан қызығушылық. Ал Қазақстан жағынан не қызығушылық болуы мүмкін? Біріншіден, Еуропа жер бетіндегі ең тұрақты нарық және Еуропа келісімшартқа берік. Екіншіден, біз тек қана шикі мұнай сатпаймыз ғой. Біз оларға мұнайымызды бере отырып, олардың кәсіпкерлік мәдениетін өзімізге енгіземіз және де мұнайға қатысты басқа да қызметтер арқылы басқа бизнес түрлерін Қазақстанға тартамыз.

Сарапшының пікірінше, осы жоспарлы 1 млн тоннадан астам мұнайды өндіру де Қазақстанға оңай болмайды. Өйткені былтырғы жоспар жүзеге аспай қалды. 87 млн тонна мұнай орнына 84 млн тонна өндірілді. Әрі Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстаудағы мұнай өндіруші компаниялар ұңғымалардың ескіргенін айтып шырылдап отыр, - дейді Рашид Жақсылықов. Бірақ Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың «болашақта экспортты 7 млн тоннаға өсіруіміз мүмкін» дегені бар еді. Бұған Қазақстан ғана емес, Еуропа да мүдделі. Өйткені Шведтегі зауыт әу баста «Достық» мұнай құбыры мен Ресейдің мұнай кен орнына байлаулы еді. Ал 1 жыл бұрын ракурс та, риторика да өзгере бастағаны белгілі. Сондықтан кәрі құрлық Ресейге деген энергетикалық тәуелдіктен арылғысы келеді.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы:

Германияға тиімді болуым мүмкін, Қазақстанға тиімді болуы мүмкін бұл жоба, бірақ Ресейге қалай тиімді болады. Ресейдің түптеп келгенде мақсаты мұнайсыз, газсыз қалдыру Еуропаны. Сөйтіп отырған кезде өзінің шекарасының үстінен, мына жағынан мұнайсыз қалдырам деп, мына жағынан «мә, Қазақстанның мұнайын ала бер» деп оларды көндіру де үлкен бір саяси жұмыстар болды.     

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу