Ел бойынша медицина саласында 4 мыңға жуық дәрігердің орны бос тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел бойынша медицина саласында 4 мыңға жуық дәрігердің орны бос тұр

03.03.2023

Ел бойынша медицина саласында 4 мыңға жуық дәрігердің орны бос тұр. Кадр тапшылығы Астана мен облыстар үшін де өзекті мәселе. Мысалы, Ақмола облысына 250-ге жуық дәрігер мен 500-ден астам орта және кіші медициналық қызметкер керек. Дәрігер жетпей жатқан соң көп адам, медициналық сақтандыруы болса да, ақылы емханада емделуге мәжбүр.

Гулвира Махметова Красный-Яр ауылында окулист болып жұмыс істейді. Көз дәрігері кабинетінің алдында үнемі ұзын-сонар кезек. Себебі ол жалғыз. Ал елдімекенде 14 мыңнан астам тұрғын бар.

Гүлвира Махметова, окулист:

Күніне 22-25 адам келеді. Олар алдын-ала екі-үш күн бұрын жазылуы керек. Егер мен ауырып немесе қандай да бір себептермен жұмысқа шыға алмай қалсам, қаладан басқа дәрігер шақыруға мәжбүрміз.

Тұрғындар дәрігердің қабылдауына кіру үшін бір апта бұрын жазылуы тиіс. Ал жаны қысылған науқастар ақылы емхана қызметіне жүгінуге мәжбүр.

Ләззат Кәпкенова, Степногорск қаласының тұрғыны:

Тоғыздан бастап отырмыз. Қабылдау сағат он бірде деді. Барған кісімізге ақылы бару керек. Жәйдің күні қалған. Анализға ақша төлеу керек. Дәрігерге бару үшін бір жұма жазылу керек. Бір жұма жазылмасаң қарамайды. Бір жұмаға дейін адам өліп те қалуы мүмкін ғой.

Жалпы, дәрігер тапшылығы барлық өңір үшін өзекті мәселе. Астанада 675 дәрігер жетпейді. Қостанайда 445, Батыс Қазақстанда 282. Олардың ішінде 350 жалпы тәжірибелік дәрігер, 329 анестезиолог-реаниматолог және 278 терапевтің орны бос тұр. Кадр дефицитін шешу үшін медицина мамандығына гранттар бөлініп, дипломы бар мамандарға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Бибігүл Омарова, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Шалғай жатқан елдімекендерде жұмысқа орналасқан 24 жас маманды баспанамен қамтамасыз еттік. Пәтерді жалға алып жатқандарға да көмектесіп жатырмыз. Қалалық емханаға жұмысқа тұрғандарға 1,5 миллион теңге, ауылдық жерлерде орналасқан медициналық мекемелерде еңбек етіп жүрген жас мамандарға 2,5 миллион теңге жәрдемақы төлейміз.

Қазір облыста 500-ден астам студент медицина факультетінде білім алып жатыр. 200-і облыстық грант иегері. Олар жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін кем дегенде 3 жыл облыс аумағында еңбек етуі тиіс. Бұл талап кадр тапшылығын жою үшін қабылданған.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу