Түркістандық бағбандар голландиялық қызғалдақты Қазақстан климатына жерсіндірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық бағбандар голландиялық қызғалдақты Қазақстан климатына жерсіндірді

02.03.2023

Түркістан облысындағы бағбандар голландиялық қызғалдақты Қазақстан климатына жерсіндірді. Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылының халқы жаппай гүл өсіреді. Бұл кәсіп шағын елдімекендегі халықтың негізгі табыс көзіне айналған.

Дербісек ауылы ел ауызында «Гүлдер мекені» аталып кеткен. Себебі шаруалар жылдың төрт мезгілінде гүл сатады. Қазір шағын ғана ауылда елуден аса шаруашылық қызғалдақ өсіреді. Мереке қарсаңында бағбандардың шаруасы қауырт.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Біз тұрған мына жылыжайда голландиялық қызғалдақтар алғаш рет өсірілді. Шаруалар көктем гүлінің жақсы жерсінгенін айтады. Өйткені салқын ауа райында өсетін жауқазындарға биылғы қыс қолайлы болған.

15 жылдан бері гүл өсірудің қыр сырын меңгерген Молдағали Дәрікөзов жері құнарлы, климаты жылы өңір гүл өсіруге өте қолайлы дейді. Биыл шаруа қожалығы он соттық жерге қызғалдақтың оннан аса түрін еккен. Айналасы үш айдың ішінде көздің жауын алатын мыңдаған түп қызғалдақ жайқалып өсті. Гүлді әр талын баласындай мәпелеген бағбан, олардың түр-түсін, иісін жатқа біледі.

Молдағали Дәрікөзов, шаруа:

Күнде тұрса да ашылмайды. Кей түрлері бар, күнде тұрса ашылып кететіндері бар. Бірақ шыдамды бұлар. Ұзақ тұрады гүлдер. Биыл 15 түрін ектік. Базар тартымдал дейді ғой, сол сияқты 7 түрі егілген.

Ал Мехти Шаусейновтың шаруашылығында ақпан айынан бері тыным жоқ. Бағбандар жауқазындарды Алматы, Астана сынды ірі қалаларға соңғы бір айдан бері жөнелтіп жатыр. Сегіз сотық жылыжайдың жартысына жуығы босап қалған. Әр талын 300-320 теңгеден саудалапты.

Мехти Шаусейнов, шаруа:

Тапсырысты бір жыл бұрын береді. Санын, түстерін айтады. Біз Голландияға тапсырыс береміз. Қарашада Голландиядан жүк көлігімен келеді.

Әлемдік нарықта еуроның құны қымбаттап, әрі шет елдерге көлік тасымалы қиындады. Бұл жағдай отандық шаруалар үшін тиімді болып тұр. Сондықтан бағбандар жылыжай аумағын үлкейткен.

Уалихан Нұсқабекұлы, кәсіпкер:

Шетелден тасымалдау әзір қиын. Тікелей ұшақпен әкелу жоқ. Жүк көліктерімен Еуропадан келеді. Негізі Эквадордан Голландияға келеді, Голландиядан Қазақстанға артылады. Ал енді осы жергілікті диқандардың шығарған гүлі тиімді. Әрі шетелдің гүлдерінен сапасы кем емес.

Қазір тұтас Дербісек ауылында сауданың нағыз қызған шағы. Жергілікті тұрғындар маусым кезінде жұмыс істеп, табыс тауып қалуға тырысады. Жылыжайлар гүлден босаған соң, шаруалар қызанақ пен қияр егеді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу