Онкологиядан елімізде жылына 13 мыңнан астам адам қайтыс болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онкологиядан елімізде жылына 13 мыңнан астам адам қайтыс болады

28.02.2023

Елімізде онкологиялық аурулардан жылына 13 мыңнан астам адам қайтады. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. Обырдың қай түрлері жиі кездесіп жатыр? Аурудың алдын алудың жолдары қандай?

Зүбәйлә Хасенова екінші рет операциядан шықты. Біріншісін 2010 жылы жасатқан. Сол кезде сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққанын біліпті. Қазір арнайы терапиядан өтіп жатыр.

Зүбәйлә Хасенова, қала тұрғыны:

Мен дер кезінде қаралдым. Қазір медицина жетілген ғой. Жақсы жазылып кетеді. Құдайға шүкір деп айтамын. Мен бүкіл әйел қауымына айтарым міндетті түрде жылына бір рет маммологқа қаралып тұрсын.

Қазір елімізде онкологиялық аурулар бойынша 205 мыңнан астам науқас динамикалық бақылауда. Жыл сайын 37 мыңнан аса адамнан обыр анықталып жатыр. Ерлерге қарағанда әйелдер көп ауырады. Себебі, сүт безі обыры тым жиілеп, жасарып барады.

Назым Қасымбекова, дәрігер-химиотерапевт:

Үлкен жасқа қарамай, жасарып келе жатыр. 90 жылғылардан бастап уже сүт безі обыры алдыға шығып тұр.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Қандай онкологиялық аурулар жиі кездеседі? Бірінші - сүт безі обыры, екінші - өкпе және үшінші колоректалдық обыр. Ал қай аурудан өлім-жітім көп? Бірінші өкпе, екінші - асқазан обыры және үшінші орында - тоқ ішек қатерлі ісігі.

Өкінішке қарай, тізіп айтылған аурулардан жыл сайын 13 мыңнан аса адам қайтады. Мұндай қайғылы статистика мен қаралы сандардың артында салғырттық тұр.

 Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Бірінші халықтың саламатты өмір салтын ұстануының төмендігі. Темекі шегу, дұрыс тамақтанбау сияқты қауіпті факторлар обырдың белгілі бір түрлерінің дамуына әсер етеді. Халықтың бір бөлігі тұрғылықты мекен жай бойынша онка скринингке бармайды. Бұл обырды ерте анықтап, алдын алу үшін өте маңызды.

Аурудың алдын алу демекші, қазір гендік зерттеулердің көмегімен тұқым қуалайтын потологияларды да анықтауға болады. Әсіресе, ерлі-зайыптылар бала жоспарламас бұрын генетик-дәрігерге келіп, тексерістен өту керек. Өйткені, ауру балалардың дүниеге келуі жиі анықталып жатыр.

 Гүлшара Әбілдинова, генетик-дәрігер:

Бізде мұндай балалар жиі туылып жатыр. Көбейіп келе жатыр. Бірақ, көбі баласының науқас екінін екі жасында, басқасы бес жасында біліп жатады. Ал негізі оның бәрі босанғанға дейін анықталуы керек. Егер уақыты тексерістен өткенде, ерлі-зайыптыларға біз баланың сау немес ауру болып туу ықтималдығын айтар едік. Біз оны жүктіліктің 12-13-ші аптасында біле аламыз. Содан кейін ол жұп шешім қабылдайды. Баланы туа ма, тумай ма?!

Дегенмен, баланың сал ауруы немесе даун синдромымен дүниеге келетін білсе де, ата-аналардың дені жүктілікті тоқтатпайды екен. Еліміздің бас генетигі Гүлшара Әбілдинованың айтуынша, гендік аурулардың жиілеуіне қан алмасып кету де сеп. Яғни, жұптың бір-біріне туыстық қатынасы болса, нәрестеде ауру анықтылу қауіпі басым.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу