Су басу қаупі аймағында 255 елдімекен бар - ТЖМ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су басу қаупі аймағында 255 елдімекен бар - ТЖМ

26.02.2023

Көктем сайынғы екінші проблема су тасқынына кезек берейік. Осы аптада Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылында 50 шақты ауланы су басты. Тасқын су кей үйлердің ішіне де кірген. ТЖБ мамандары толассыз жауған жаңбыр мен күннің күрт жылуымен түсіндіріп отыр. Бірақ тағы бір себеп бар: ағынды суларға арналған 30-дан астам арықтың басым бөлігі тазартылмаған. Осылайша, еріген қар суы ауылға жайылып кеткен көрінеді.

Биыл көктем басталмай жатып Түркістан облысында бірнеше елдімекенді су басып, тұрғындар біраз қиналған еді. Ал Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 1 ай бұрын Қазақстан су тасқынына әлі дайын емес, әкімдікте тасқынға қарсы іс-шаралардың орындалуын ресми түрде ғана қадағалайды деп сынға алған еді. Осы ескертулер кімге айтылады екен?!

ТЖМ-ның мәліметінше, су басу қаупі аймағында қазір 255 елдімекен бар. Бұл аймақтағы 127 мыңнан астам үйде 700 мыңнан астам азамат тұрады.

2 апта бұрын экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин 13 өңірде су тасқыны болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстарында қауіп жоғары. Ал, Павлодар, Ұлытау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары орташа қауіпті өңірлер қатарында.

Азидуллиннің айтуынша, су тасқыны қаупін анықтау үшін қардағы су қорының мөлшері, топырақтың ылғалдылығы, топырақтың қату тереңдігі секілді факторлар есептелген. Гидротехникалық құрылыс нысандары мен дамбалар да ескірген.

Қазір барлығы 1806 гидротехникалық құрылыс нысаны болса, олардың 1322-сі тексерістен өткен. Ал, 471 нысан жөндеуді қажет етіп тұр. Ал, «Қазгидромет» болжамынша наурыздың басында батыс өңірлерде температура 1°С-тан жоғары, солтүстік-шығыс, орталық және оңтүстік аймақтарда 1°С-тан төмен болады. Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан төмен.


Хабарламаларға жазылу